Солтүстік өңірлерге қоныстанушыларды жаңалықтар күтіп тұр

Солтүстік өңірлерге қоныстанушыларды жаңалықтар күтіп тұр
Фото: Тұрар Қазанғапов

Үкіметтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабына сәйкес, елімізде 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау - мемлекеттік көші-қон саясаты Үкімет басымдықтарының бірі. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманың бір бағыты - бұл қоныс аудару бағдарламаларын қайта қарау есебінен жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті теңестіру үшін қазақстандықтардың ішкі ұтқырлығын ынталандыру.

Жаңартылған бағдарламаның мәні азаматтардың жұмыс орындары жоқ жерлерге көшуінде емес, трансферт арқылы жұмыс орындарын құру және еліміздің басқа да облыстарында негізделген жұмыс істеп тұрған бизнес-жобаларды солтүстік өңірлерде кеңейту. Осыған орай, Үкімет бірқатар жобаларды іске асырып жатыр.

Бірінші, ауылдың әл-ауқатын жақсартуға, ауыл экономикасын дамытуға және халықтың табысын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасы. Биыл жобаны іске асыру үшін қосымша 18 мың жұмыс орындарын құру арқылы сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын 7 жылға дейінгі мерзімде 17 мың шағын кредиттер беру үшін 100 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде солтүстік өңірлерде жобаны іске асыру үшін 10,6 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Жалпы, Үкімет 7 жыл ішінде осы мақсаттарға 1 триллион теңге бөлініп, ауылдық жерлерде 350 мыңнан аса сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Оның көбі солтүстік өңірлерде ашылады, бұл қоныс аударушылар үшін аталған өңірлердің тартымдылығын көтереді.

Екінші, якорлық өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыру. Биыл бұл жобаларды іске асыру үшін 100 миллиард теңге қаражат бөлініп, 65-тен аса тауарлы-сүт фермаларының, оның ішінде солтүстік өңірлерде 22 мыңдай жаңа жұмыс орындарын құру арқылы 45 ТСФ құрылысы жоспарланған. Бұл жұмыс орындарына басымдықты жұмыс күші артық өңірлерден келетін жұмысшыларға береді.

Үшінші, 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жол картасы (бұдан әрі - Жол карта) шеңберінде 270 инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 241 миллиард теңге қарастырылды. Жол картасы бойынша 2026 жылға дейін қоныс аударушыларды қабылдау өңірлерінде агроөнеркәсіптік кешенде 20,2 мың жұмыс орнын құрумен 1,3 триллион сомаға 530 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Төртінші, жұмыспен қамту мақсатында әкімдіктермен ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналастыру көрсеткіштері қаралған Жұмыспен қамтудың өңірлік карталары бекітілді. Бекітілген жұмыспен қамтудың өңірлік карталарында 2023 жылы 947,8 мың адамды, оның ішінде ұлттық жобалар аясында 249 мың адам, бос жұмыс орындарына 320 мың адам, Мемлекет басшысының "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасы аясында 342 адам жұмысқа орналастыру көзделген. Қазір 315,7 мың адам, оның ішінде 139,9 мың адам ұлттық жобалар аясында, 82,3 мың адам бос жұмыс орындарына және 93,5 мың адам Мемлекет басшысының бастамасы аясында жұмысқа орналасты.

Бұдан басқа, биыл жұмыспен қамту шараларымен солтүстік өңірлерге 2 мыңға жуық оңтүстік өңірлердің тұрғындары қоныстандырылды. Экономикалық ұтқырлық сертификатқа қатысты Тұжырымдама аясында солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтарға тұрғын-үйді сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде, алайда 4 миллион теңгеден аспайтын экономикалық ұтқырлық сертификаттар ұсыну қарастырылған. 2023 жылы 2 520 отбасыға сертификат беру үшін 10,1 миллиард теңге қаражат бөлінді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысты

Жергілікті әкімдіктері шығу және қабылдау өңірлерімен қажеттілікке орай халықпен кездесу өткізіп, қоныс аудару бағдарламасы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, бос жұмыстар жәрмеңкесін жүйелі түрде өткізіп отырады. Биыл Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Алматыда Amanat партиясының филиалы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Бұдан басқа Qazalem платформасы аясында елімізден сырт жерлерде тұратын қазақстандықтардың басын қосып, елдегі қоғамдық өмірге тарту, оларды тарихи отанына оралуға қызығушылығын арттыруға жәрдемдесетін ақпараттық түсіндірме жұмысы атқарылып жатыр.

Қоныс аударушылардың көшуге және жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін "Электрон еңбек биржасы" цифрлы порталы (бұдан әрі - ЭЕБ) негізінде қосылған "Қоныс аудару" бөлімінде қоныстану елді мекендерінің толықтай портреті (халық саны, әлеуметтік-экономикалық объектілер, бос жұмыс орындары, жер учаскелері және т.б.) бейнеленген.

Қоныс аударуға ниетті адамдарды іріктеуге қатысты

Қоныс аударуға ниет білдірген азаматтардың өтініштерін қарау үшін жергілікті атқарушы органның жанында жергілікті өкілді органдардың, жұмыс берушілер өкілдерінің, кәсіптік одақтардың және облыстар, республикалық маңызы бар қала және Астана кәсіпкерлер палатасының қатысуымен өңірлік комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жұмыс атқарады. Бұл комиссия жергілікті мектептердің, балабақшалардың жойылуын
алдын алу үшін қоныс көшіруде басымдықты көпбалалы отбасыларға береді. Үкімет бюджеттің жағдайына қарай жыл сайын қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларының көлемін арттыру мәселесін қарастыруға әрдайым дайын екенін мәлімдейді. Сонымен қатар, кәсіпке және оқуға икемі бар қоныс
аударушылар арасынан 147 адам кәсіппен айналысса, 20 адам оқуға жіберілді.

Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мерзімі 2023 жылдан бастап, бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды, сондай-ақ, жәрдемақы көлемі 8,5 пайызға өсті.

Кәсіпкерлерді ынталандыруға қатысты

Қоныс аударушыларды жұмыспен қамту және жұмыс орындарын құру мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2023 жылдың басында өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, Қоныс аударуды ынталандыру жол карталарын бекітті. Кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген қоныс аударушыға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар ұсыну қаралған. Бұдан басқа, солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды тұрақты жұмысқа орналастырған жұмыс берушілерге 400 АЕК көлемінде субсидия ұсыну көзделген. Жалпы алғанда, Үкімет қоныс аудару бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр, жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде және нақты
ұсыныстар әзірлеу үшін Сіздің қатысуыңызбен жұмыс тобын құруға дайын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек