Түркістан облысында ауыл тұрғындары қоқысты әкімдіктің алдына лақтырған

Түркістан облысында ауыл тұрғындары қоқысты әкімдіктің алдына лақтырған

60 мыңнан аса халқы бар Қарабұлақ ауылы бес жылдан бері қоқысқа көміліп келе жатыр. Ресми түрде қалдықтарды мердігер компания шығарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Бірақ жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар қоқысты өздері тазалауға мәжбүр.

"Қоқыс шығаратын компания мүлдем жұмыс істемейді! Сондықтан көлік жалға алып, қоқысты айына екі рет шығарамыз", - дейді жергілікті тұрғын.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, коммуналды қызметтер айына бір рет қана көшелерді тазалайды. Қалған уақытта адамдар өз көліктерімен қоқыс лақтырып жүр.

"Бұрын 400 теңгеден төледік. Содан кейін 800 теңгеге дейін көтерілді. Бірақ мұндай бағаға олар қоқыс шығармайды. Бүкіл ауыл қоқысқа батып жатыр. Бұл компанияға тағы не қажет? Жазда күлімсі иіс шығып, егеуқұйрықтар, жәндіктер пайда болады. Қажытты!" - деді ауыл тұрғыны Полатжан Хайдаров.

Жергілікті тұрғындар ауыл әкімі мен мердігерге бірнеше рет жүгінгенін айтады. Алайда олар бес жыл ішінде нәтиже байқамаған. Шенеуніктер мен қоқыс шығаратын компанияның уәделеріне қаныққан ауыл тұрғындары әкімдіктің маңына бір-екі қап қоқыс тастауды ұйғарған.

Тазалауға жауапты компанияның бастығы бес жыл ішінде шығынға ұшырағанын айтады. Ол тұрғындар қоқыс шығару үшін ақша төлемейтінін жеткізді. 

"Шығынға батып, жұмыс істейміз, Халық қызмет үшін ақы төлемейді", - дейді "Медина-Н" компаниясының өкілі Ағабек Жанбеков.

Жергілікті билік кәсіпкерді қолдаған. Ауданда қоқысты жинаудың жаңа тарифін бекіту туралы шешім қабылданған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова