Спорттың бірнеше түрінен чемпион атанып жүрген құрманғазылық өртсөндіруші көпті сүйсінтті

Атырау облысының Құрманғазы ауданында өртсөндіруші болып қызмет ететін Ерсейіт Бралин жақында ғана Алматыда өткен Азия чемпионатында пауэрлифтингтен 3-орынға ие болды - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күнделікті өрт сөндіру жұмысы мен спортты қатар алып жүрген Ерсейіт Бралин пауэрлифтинг бойынша "Қазақстан Республикасының спорт шебері" атағын да алған.

"Біздің жұмысымыздың ерекшелігі сол, өрт сөндіру, құтқару жұмыстарында физикалық мықтылық пен арнайы дайындық өте қажет. Сол себепті, спортқа арнайы уақыт бөлемін", - дейді Ерсейіт Бралин.

Ерекше атап өтерлігі, 33 жастағы Ерсейіт Бралин панкратион, армрестлинг, дзюдодан да түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр.

Пауэрлифтинг бойынша "Қазақстан Республикасының спорт шебері" Ерсейіт Бралин ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін өрт сөндіру қызметіне жұмысқа тұрған. Он жылдан бері Құрманғазы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші болып еңбек етіп келе жатқан Ерсейіт Бралин мамандығын мақтан ететінін айтты.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!