Пакеттен қоқыс шыққан: Астанада ер адам такси жүргізушісін алдап кеткен

Пакеттен қоқыс шыққан: Астанада ер адам такси жүргізушісін алдап кеткен
Фото: gov.kz

Елордада ер адам такси жүргізушісін алдап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция іздестіруі нәтижесінде алаяқтықпен айналысқан елорда тұрғыны ұсталған. Тергеу барысында күдікті мобильді қосымшаны пайдаланып, принтер салынған пакетті мекенжайға жеткізу үшін такси шақырғаны анықталған. Ол такси жүргізушісінің сеніміне кіріп, сәлемдемені жеткізген кезде принтерді сатып алушы барлық соманы қосып төлейтінін уәде етіп, одан ақша алып алған. Бұған келіскен таксист көрсетілген мекенжайға бара салысымен тапсырыс берген адамға хабарласқан, бірақ оның телефоны сөніп тұрған.

Бұл мекенжайда ешқандай сатып алушы да болмаған. Амалсыз қалған такси жүргізушісі пакеттегі жәшікті ашып қараған сәтте оның ішінде тұрған принтер емес, қоқыс болып шыққан.

Қазір бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова