"Ақшаны далаға шашу". Алматыда 2021 жылы салынған жаңа асфальт қырылып, қайта салынып жатыр

Алматы қаласының әкімдігі Абай көшесінің асфальтын қырып алып тастап, қайта төсеп жатыр. Дәлірек айтсақ экс-әкім Бақытжан Сағынтаевтың кезінде ұзартылған Абай даңғылының жап-жаңа асфальтын қырып алып, қайта төсеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шыны керек алматылықтар әкімдіктің жыл сайын орталық көшелердегі мінсіз асфальтты қырып алып тастап қайта төсеуіне үйреніп те қалған. Дегенмен жыл сайын наразылық та білдіріп қалып жататындар да аз емес. Өйткені бұл жаздың ыстық күндері көше тығынын одан сайын күрделендірсе, екінші жағынан әп әдемі асфальтты бүлдіріп қайта төсеу артық шығын. Бюджет қаржысын желге шашу. Ал қаланың шеткі аудандарының көшелері жылдар бойына афальт төселмей жата береді. Әп әдемі орталық көшелердегі асфальтты жыл сайын жаңарта бергенше, қаланың шеткі аудандарының да жай күйіне неге мән бермеске?! 

Сол көшеден ары бері өткен қала тұрғындарының шағымынан соң аталмыш көшеге арнайы барған едік. Расымен жол жөндеушілер көшенің біраз бөлігін қырып тастапты. Ары бері өткен көлік жүргізушілерін сөзге тарттық.

Арман есімді көлік жүргізушісі:"Біріншіден, жаздай кептеліс туындатады. Онсыз да жұмысқа бару үшін бір сағатқа жуық уақыт жүреміз. Өзіміз осы жолмен жүріп жүргенімізге көп болған жоқ. Бір жыл болды ма, болмады ма. Көше кең, асфальты да бүп бүтін болған. Бүгін қарасақ қырып жатыр асфальтын. Осы қазір Ақжар жақтан кіріп келе жатырмын қалаға. Біз тұратын аумақта талай көшеміз асфальтсыз жатыр. Қалаға кірген аудан болсақ та көшелерімізге асфальт төселер емес. Ал әкімдік тек шенділер жүретін орталықты әдемілей береді. Бұл көше бүлініп жөнделген күннің өзінде асфальт неге екі-ақ жылға шыдас берген деп тексеретін ешкім жоқ па сонда?", - дейді ашынып.

Жол жөндеушілерден сыр тартып та көрдік. Абай-Яссауи көшелері қиылысындағы 130 метр жол жөнделіп жатыр екен. 1200 квадрат болатын жолдың беткі қабатын қырып тастап, қайта қалыпқа келтіріліп жатқан көрінеді.

Мұндай жағдай Алматыда бұған дейін де жиі қайталанатын. Орталық көшелер жыл сайын жөнделіп, сыртқы аймақтарға инфрақұрылым жетпей жатады. Әдетте сапасы сын көтермейтін тас жолдарды сақтандыру мерзіміне сәйкес компания өз есебінен қайта қалыпқа келтіруі керек. Алайда сол аумақтағы жол құрылысына жауапты адам (есімін айтудан бас тартты - еск.) жөндеуді жүргізіп жатқан бастапқы жол салған компания емес екенін айтты. 

Сонда салынғанына екі жыл ғана болған жолдың сақтандыру мерзімі болмағаны ма? Бюджеттен қанша қосымша қаржы бөлінді? Бұрынғы жол салған компания өкілдері салғырттығы үшін жауапқа тартылды ма? Біз бұл сұрақтар бойынша Алматы қаласы әкімдігіне сұрау салдық. Алдағы уақытта мәселені назарымызға алып, әкімдік жауабын жариялаймыз.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!