Есірткі табылған күдікті полиция бөлімінің 4-қабаттағы дәретханасынан секіріп, қашамын деп мерт болды

Есірткі табылған күдікті полиция бөлімінің 4-қабаттағы дәретханасынан секіріп, қашамын деп мерт болды
Фото: podrobno.uz

Ташкентте ішкі істер бөлімінен қашып кетпек болған ер адам қайтыс болды. Ол төртінші қабаттағы дәретхана терезесінен секіріп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Podrobno.uz сайтына сілтеме жасап.  

Басылым мәліметінше, 22 мамырда сағат 04.30 шамасында полицейлер "Ласетти" автокөлігін тоқтатқан. 21 жастағы жүргізушінің әрекеттері күмән тудырғандықтан полицейлер оны тексермек болған. Нәтижесінде 21 жастағы жігіттен 53,52 грамм наша табылған. 

Тәртіп сақшылары Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғаған. Сол күні күдікті сағат 18.50 шамасында қызметтік бөлмеге әкелінді, артынан ол дәретханаға барып келуді сұраған. Осылайша, күдікті жігіт төртінші қабаттағы дәретхананың терезесінен секіріп кеткен. Салдарынан 21 жастағы жігіт түрлі бас және дене жарақатын алған.   

Полиция қызметкерлері күдіктіні Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығына жеткізген. Оған мидың жабық жарақаты, бас сүйегінің сынуы, дененің әртүрлі бөліктеріндегі гематомалар диагнозы қойылды. Ер адам 29 мамырда ауруханада қайтыс болды. 

Қазіргі уақытта Чиланзар ауданы прокуратурасының қызметкерлері осы дерек бойынша тергеуге дейінгі тексеріс жүргізіп жатыр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина