Жекеменшік мектепте оқу айына-60 мың теңге. Ақтаулық ата-аналар тегін мектеп таппай сенделіп жүр

Тұрғындар мемлекеттік мектептің орнына жеке білім беру ұйымының салынуына қарсы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтау қаласындағы 17-шағынауданға халық қоныстанғанына бақандай бес жыл болды. Бірақ содан бері бірде-бір мектеп салынбаған. Салдарынан ата-аналар балаларын басқа шағынаудандардағы білім ордаларына тасып әлек. Айтуларынша, ол мектептер алдағы оқу жылына 1-сыныпқа бала қабылдамай жатыр.     

"Біздің балалар сонда қайда оқиды? Жан-жағымыздың бәрі жекеменшік балабақша, емхана, енді жеке мектеп салып жатыр. Айына-60 мың теңге екен. Отбасымның оған шамасы жетпейді. Бізге мемлекеттік мектеп керек", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлгүл Балмұрзиева.

Тұрғындардың айтуынша, аталған шағын ауданда қаланың бас жоспарына сай мемлекеттік мектеп пен балабақша салынуы тиіс болған. Бірақ, ақылы мектептің құрылысы басталыпты.

"Бұл мемлекеттік мектептің орны. Бізге әкімдіктен анық айтқан болатын. Енді келіп, жекеменшік мектеп салып жатыр. Қалай ауысып кеткен?" - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Жанира Рашитқызы.

Ақтау қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Сембаевтың мәлімдеуінше, жеке мектептің құрылысы заңды. Одан бөлек жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп те салынады. Оған жер учаскесі бөлінген. Бірақ, құрылыс жұмыстарының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз. 

Жалпы, Ақтауда жаңа шағынаудандардың бәрінде дерлік мектеп тапшы. Ал, жекеменшік білім ордаларында оқу құны айына 50 - 100 мың теңгенің арасын құрайды.   

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!