Путин Тоқаевқа берген хатта не жазылғаны белгілі болды

Путин Тоқаевқа берген хатта не жазылғаны белгілі болды

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Еуразиялық Экономикалық Одақ саммиті кезінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген хатта не жазылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Бұл хатта Ресей тарапының ЕЭО көшбасшыларының тар құрамдағы кездесуі барысында қойылған сұраққа жауабы қамтылды. Әңгіме жүк жөнелтуші қазақ компанияларының ішкі тарифтер бойынша Ресей темір жолымен тасымалдауға қолжетімділігі туралы болды. Ресей Үкіметі Қазақстан аумағында межелі пункті бар тауарлар жеңілдікті тарифті пайдалана алады, ал Ресей аумағы бойынша транзитпен жүретін тауарларға экспорттық тарифтер қолданылуы тиіс деп есептейді. Президент біздің Үкіметке 2015 жылғы ЕЭО құру туралы шарттың қағидаттары негізінде осы мәселе бойынша Ресей тарапымен келіссөздерді жалғастыру туралы тапсырма берді", - дейді Руслан Желдібай.  

Еске салайық, бұған дейін бірнеше БАҚ беттерінде ЕЭО саммитінде Путин Жапаров арқылы Тоқаевқа хат беріп жібергенін жариялаған болатын. Қазақстандық басшы хатты оқып, Ресей президентіне басын изеп, хатты қалтасына салғаны видеоға түсіп қалған.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина