Қазақстанда фейк таратқан блогерлерге айыппұл салынады

Қазақстанда фейк таратқан блогерлерге айыппұл салынады
Фото: Әлихан Сәриев

Биыл төрт айда 29 қазақстандық блогер әлеуметтік желіде таратқан ақпаратына байланысты тексерілді. Бұл туралы "Ауыл" партиясының депутаттық сауалына жауап берген бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокурордың айтуынша, биыл төрт айда ішкі істер органдары блогерлердің әлеуметтік желілерде Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша 29 соталды тергеуді тіркеген.

"Оның ішінде тек бір іс сотқа жіберілді, сегізі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, сегіз қылмыстық іс бойынша да соталды тергеп-тексеру мерзімі тоқтатылды (қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған тұлға анықталмады), қазір 12 іс қаралып жатыр", - деп түсіндірді Берік Асылов.

Жалпы, әлеуметтік желілердің мониторингін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізеді. Жазбаларда заңбұзушылықтар анықталған жағдайда оларды Ішкі істер министрлігіне жолдайды.

"Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиасфераның даму үрдістерін ескере отырып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажетін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен келісілген және Парламент Мәжілісіндегі "онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" Заң жобасы әзірленді", - деп толықтырды Бас прокурор.

Заң жобасының негізгі мақсаты - онлайн-жарнаманың жұмыс істеуінің, сондай-ақ, онлайн платформалар қызметінің құқықтық негіздерін айқындау. Заң жобасында "инфлюенсер" (блогер) - белгісіз тұлғалар тобына бағытталған және өзінің және өзге де қоғамдық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, оның ішінде қоғамда жекелеген пікірлердің қалыптасуына ықпалы бар онлайн-платформаларда ақпарат тарататын тұлға.

Асылов жалған ақпарат тарату деректерінің өзекті болып келе жатқанын, сондықтан мұндай бұзушылықтарда қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, әкімшілік жауапкершілікті енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

"Егер бұл заң жобасы қабылданса, интернет кеңістігінде көрінеу жалған ақпараттың таралуына қарсы тұру үшін қажетті жағдай жасалады", - деп атап өтті Берік Асылов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек