Оңтүстік Кореяда жол ережесін бұзған қазақстандықтар жазалануы мүмкін

Оңтүстік Кореяда жол ережесін бұзған қазақстандықтар жазалануы мүмкін
Фото: Видеодан алынған кадр

27 мамырда Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жергілікті жол қозғалысы туралы заңға сәйкес "көлікті абайсыз жүргізгені үшін" 39 жастағы қазақстандық полиция бөліміне шақырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Herald басылымына сілтеме жасап.

"А. есімді ер адамға 24 мамырда сағат 18:15-те Инчхондағы жолда K5 көлігін абайсыз жүргізді деген айып тағылған. Желіде тараған видеода 27 жастағы және 22 жастағы қазақстандық әйелдердің көліктің есігінде отырғаны көрсетілген. Олар көліктің терезесінен шығып, еңкейіп, қолдарын аспанға созған", - делінген хабарламада. 

Қазақстандық жүргізушіге қатысты тергеу жүргізілді.

"Полиция тергеу кезінде жүргізуші қыздардан бұл қауіпті әрекет екенін, олай жасамауды өтінгенін айтты. 27 жастағы қазақстандық әйел "сол кезде мен қуанышты едім, өйткені Кореядағы құрбым жақында ғана дүниеге сәби әкелді. Бәрі дұрыс болады деп ойладым, өйткені біздің елімде мұнымен мәселе туындамайтын" деп түсіндірді", - делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері қазақстандық әйелдерге қатысты "қосымша тергеу" жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты.

"Егер олардың мінез-құлқы заң мен тәртіпті бұзу деп танылса, Kia көлігінің жолаушылары айыппұл төлеуі мүмкін", - дейді полиция қызметкерлері. 

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. 

"Елшілікке хабарласқан жоқ, сондықтан ақпарат жоқ. Олар жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлейтін шығар", - деді СІМ баспасөз қызметі өкілдері. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек