Қызылорда облысында жылу желілері тозып кеткен

Қызылорда облысында жылу желілері тозып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, былтыр Қызылорда облысында қыс тыныш өткенімен, біраз елге көмір жетпеген. Бір дауыл соққанда Әйтеке би кентіндегі жылу орталығының мұржасы құлап, 30 шақты елді мекен жарықсыз қалды.

Билік былтырғыдай қарбалас болмас үшін осы бастан қам жасап, жоспар түзгенін, сөйтіп, 8 бірдей жоба әзірленгенін айтады. Өңірдегі 208 шақырымдық жылу желісінің 47 пайызының тозығы жеткен. Өткен жылу беру маусымынан әрең шыққан құбырлар келер қыстағы қысымға шыдас бермеуі мүмкін. 

"Жылу магистралін жөндеуге биыл 9,1 млрд теңге ақша бөлініп жатыр. Ол республикалық бюджеттен, біздің өзіміздің жергілікті бюджеттен. Сол 8 жоба, соның екеуінің жұмысы басталып кетті. Қалған алтауында түрлі деңгейде тендер жұмыстары жүріп жатыр. Оларда біткен соң, жылу маусымы басталғанша біз жылу магистралінің осал тұстарын қалпына келтіреміз", - дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов. 

Жылу электр орталығының қызметкерлері қос бу қазандығын жамап-жасқауға өз күшімен кіріскен. Кәсіпорының тағы екі газтурбиналық қондырғысын жөндеуге жергілікті қазынадан қаржы бөлініп отыр. Облыстық бюджет қаражатына, сонымен қатар жылу желілеріне техникалық зерттеу жүргізілді. Нәтижесіде 161 тұстан ақау табылған. 

"161-дің 4-еуі магистарльдық құбырдан, қалған 157-сі кварталаралық құбырлардан. Олардың бәріне кесте жасалып, қай уақыттарда қалпына келтіретіні белгіленіп қойылды. Материалдары алынған, жұмыс қолдары бар. Сондықтан жоспарлаған уақытымызда ақауларды аяқтауға толық мүмкіндік бар", - дейді "Жылуэлектрорталығы" МКК директорының орынбасары Наурыз Сатханов. 

Жергілікті билік өкілдері Қызылордада жаңа жылу электр орталығының құрылысы алдағы тамызда басталып, 2025 жылы аяқтау жоспарланып отырғанын айтады. Оған дейін қала тұрғындары өткен ғасырдың 60-жылдары салынған ескі қуат көзімен 2 жылу маусымын өткермек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!