"Бұл - Президенттің негізгі ұстанымы". Руслан Желдібай Тоқаевтың Мәскеудегі мәлімдемесі туралы айтты

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуде өткен форумдағы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Руслан Желдібай Президенттің мәлімдемелері оның негізгі ұстанымына сай келетінін мәлімдеді.

"Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы жақында Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысты. Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады. ЕАЭО аясындағы интеграция тек экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл - Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді", - деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Қазақстанның негізгі позициясы қандай екенін айтты.

"Президент атап өткендей, экономикалық интеграция бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалды. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі - Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл - ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.

Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ", - деп жазды ол.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) Мәскеуде өткен кезекті отырысына қатысқан еді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде Ресей мен Беларусь одақтастығы туралы айтқаны хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!