Ақтөбеде 29 жастағы жігіт "көңілдесін" не себепті 35 жерінен пышақтағанын айтып берді

Ақтөбе облысы әкімдігінде жұмыс істейтін әйелді азаптап өлтірген күдікті сот алдында жауап бере бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бүгінгі алғашқы отырыста 29 жастағы жігіт қанды қылмысқа неге барғанын айтып берді.

"Отбасымды жоғалтып аламын ба деп қорқып, сондай әрекетке бардым. Көлікте, алдыңғы жағында тұрғанда пышақтадым. Артқа қарап тұр еді. Оң жағынан тықтым. Содан кейін көз жұмып тыға бердім. Қай жеріне пышақ тыққанымды білмеймін", - деді күдікті.

Оқиға осыдан үш ай бұрын болған. Сотталушы 46 жастағы әйелмен "бойдақпын, бұрын ажырасқанмын" деп танысқан.  Осылайша, екі күн қатарынан жұмысынан күтіп алып жүріпті. Соңғы кездесуінде марқұм күдіктінің отбасылы екенін ұялы телефонындағы суреттерден біліп қойған. Осыдан кейін 29 жастағы жігіт тартпада жатқан пышағын алып, әйелді 35 жерінен жарақаттаған.

"Артынан ешкім көріп қоймасын деген оймен жүк салғышына қолаяғын бүктеп салып, оқиға орнынан бой тасалаған және 2023 жылдың 25 ақпанына дейін, полиция қызметі әрекетін әшкерелегенге дейін мүрдені автокөліктің жүк салғышында сақтаған", - деді мемлекеттік айыптаушы Елдар Әбиев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!