"20 мектептен шағым түсті". Министр мектепте ақша жинауға қатысты пікір білдірді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде әртүрлі себеппен ақша жинау мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеунік білім мекемелерінде қажетсіз шараларға ақша жинауға шектеу қою туралы министрліктің бұйрығы шыққанын еске салды.

"Жеке өзім мектеп директоры болғанда осы келеңсіз үрдісті тоқтатқанмын. Одан еш проблема болған жоқ. Ата-аналар ренжіді, ақша жинағысы келді, шектеу қойған соң, мектеп ұжымы да, ата-аналар да көнді", - деді министр.

Ол қазір де бұйрыққа бағынбау деректері анықталып жатқанын атап өтті. Бұған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, тиіс шаралар қабылдап жатыр.

"Бұл бағытта, ең алдымен, кез келген азамат ақша жинау дерегі туралы Call-орталыққа хабарлай алады. Әзірге 20 мектептен осындай шағым түсіп үлгерді. Екіншіден, бұйрыққа бағынбай, бұрынғы "дәстүрді" жалғастырған мектеп басшылығына агенттік тарапынан шара қолданылады. Яғни, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу қарастырылып отыр", - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!