Нәрестенің нәжісінен шықты: Жамбыл облысында тұрғындар белгісіз зиянкестерден шошып отыр

Нәрестенің нәжісінен шықты: Жамбыл облысында тұрғындар белгісіз зиянкестерден шошып отыр

Жамбыл облысы Құлан ауылының тұрғындары белгісіз зиянкес нәрестенің нәжісінен шығып жатқанын айтып, шошып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мазасы қашқан Құлан ауылының халқы қамба маңына жиналып, жанайқайын жеткізді.

"Үш күннен бері баланың жөргегінен шығып жатыр. Не істерімді білмеймін. Бесігінде жүреді, сілекейі арқылы кіріп кетуі мүмкін", - дейді ауыл тұрғыны Азиза Оспанова.

Тұрғындар бұл аймақта тек шаруа қожалығының техникасы тұрғанын айтты. Кейіннен дақылдың қауызын ұшыратын құрылғы қойылған. Олардың сөзінше, соның салдарынан ауылды шаң-тозаң жайлап кеткен.

Жұрт жағымсыз иіс шығады деген жер - ауылға жапсарлас тұрған шаруа қожалығы. Ал қысы-жазы есік-терезе аша алмайтындарын жеткізген маңайдағы 105 үй мәселенің тездетіп шешілуін талап етті.

"Бұрын механикаландырылған қырман болмаған еді. Бұл жерде істегеніме 45 жылдай болды. Механикаландырылған қырман салынғаннан кейін біте деген шіркей қаптап кетті. Дезинфекция бетін ғана тазартады. Ол жәндіктер бидайдың ішіне кіріп алғандықтан, оңайлықпен қырыла қоймайды", - дейді келесі бір тұрғын Әбдіразақ Бекеев.

"Жаман, сасық иіс жел тұрғанда шығады. Шыдай алмайсың. Бала-шаға да сол ауамен дем алады. Біте ұсақ болғандықтан, көзге көріне бермейді", - дейді ауыл тұрғыны Берік Бұйрабеков.

Ал ел-жұрт шағымын айтқан шаруа қожалығының басшысы азаматтардың алдына келмеді. Тек жұмысшылары ғана шығып, мардымсыз жауап берді. Олардың айтуынша, қаптаған қамба бізтұмсығының қаптап кетуіне ауа райы кінәлі екен. Жиналғандардың ашуын туғызған да осы жауап.

"Биылғы ауа райы жәндіктерге де, зиянкестерге де қолайлы болды. Жылда бидай мұндай кезде бітіп кететін. Зиянкестер жылда жұмыртқалайды, биыл тез көбейді", - деді Шаруа қожалығының агрономы Ерлан Кенжеғұлов.

Жұрт жаппай арызданғаннан соң ғана әзер келген аудандық инспекция мамандары тексеріс нәтижесінде зиянкестер барын анықтапты. Олардың айтуынша, шаруа қожалығына айыппұл салумен ғана шектеледі.

"Нәтиже шықты. Қамба бізтұмсығы, ұнның кіші қоңызы бар екен. Зиянкес болғандықтан арнайы нұсқама береміз. Шектеулі уақытта орындамаса, айыппұл салынады. Келесі жолы жартыжылдыққа тексеруге қойылады", - деді Т.Рысқұлов ауданы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айдос Батырбеков.

Бұл - қамбаға қатысты қаулы. Ал ауыл адамдары үйдің ішіне дейін кіріп кеткен жәндіктен қалай құтыларын білмей дал. Тұрғындар шаруа қожалығының алдына полиция шақырып, арыз түсірді. Бірақ бұл жолы қылмыстық іс қозғалғанын талап етіп отыр.

"Арыз жазушы тұлғалардан арыз қабылдадық. Енді шара қолданамыз", - деді Т.Рысқұлов ауданы ЖПҚ учаскелік аға инспекторы Ақниет Үдербай.

"Жеке кәсіпкердің кінәсі, тиісті агротехникалық шараларды сақтамаған. Сол себепті тауар бұзылып, зиянкестер қаптаған. Жағымсыз иіске қарсы сондай тиісті шаралар жүргізіледі. Фитошаралар, дизенфекциялар жасаймыз. Бүлінген заттар сыртқа шығарылды", - деді Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова