Батысқазақстандық балалардың лагерьде демалуына 123 миллион теңге бөлінген

Батысқазақстандық балалардың лагерьде демалуына 123 миллион теңге бөлінген

Батыс Қазақстан облысында балаларды жазғы демалыспен қамтуға 123 миллион теңге бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның мәліметінше, биыл 100 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамытылады.  Бұл – 1-10-сыныпта оқитын балалардың жалпы санының 93,6 пайызы. Былтыр 103 438 оқушы (95,5 пайыз) демалған.

Өңірде түрлі бағыттағы 680 лагерь (былтыр 608 болған) бар. Соның ішінде қала сыртындағы 19 лагерь өз жұмысын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындыларын алғаннан кейін бастамақ. Аталған лагерьлерде  7 310 оқушы (2022 жылы – 7 631) демалады.

Облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 452, аз қамтылған отбасындағы 7 829 бала түгелдей демалыспен қамтылады. Сол секілді мүгедектігі бар 2 951 баланың 96,3 пайызы, девиантты мінез-құлықты (мектеп есебінде тұрған, қолайсыз отбасы балалары және полиция бөлімдерінде есепте тұрғандар) 556 оқушының 98,5 пайызына жазғы демалыс ұйымдастырылмақ.

"ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті және "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығын іске асыру және дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында 2023 жылғы жаз мезгілінде "Жаздық сауықтыру және демалыс жолдамасы" әлеуметтік жобасын іске асырмақ.  Аталған жоба бойынша ауылдарда оқитын 895 бала "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының есебінен өңіріміздің облыстық "Еуразия" туристік сауықтыру кешенінде демалады", - деді Айгүл Әділгерейқызы.

Айта кетейік, 2023 жылы жалпыға міндетті оқу қорынан жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен қамтуға 123 миллион теңге жоспарланған.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан