"Жылы әңгіме болды". Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Тоқаевқа алғыс айтты

"Жылы әңгіме болды". Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Тоқаевқа алғыс айтты
Фото: akorda.kz

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескен жылы әңгімесі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Италия премьер-министрі Twitter-парақшасында бөлісті. 

"Рим мен Астана арасындағы екіжақты қарым-қатынастың тамаша деңгейін және олардың одан әрі нығаюына ортақ мүддені растайтын жылы әңгіме болды. Мен Президент Тоқаевқа Эмилия-Романьядағы су тасқынынан зардап шеккендерге байланысты Италия үкіметіне көңіл айтқаны үшін алғыс айтамын", - деп жазды ол. 

Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Елдеріміз экономиканың түрлі саласында тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Қазақстанда Италияның 270-тен аса компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, 21 мамырда Италияның солтүстігінде су тасқыны салдарынан болған төтенше жағдайға байланысты Джордж Мелони Астанаға сапарын тоқтатқаны белгілі болды.

23 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме басында Тоқаев Эмилия-Романья аймағындағы су тасқыны салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Мелониге және бүкіл италиялықтарға көңіл айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек