Жасөспірімдер ішіп жүрген дене үлкейтетін дәрі өлімге алып келуі мүмкін

Жасөспірімдер денесін үлкейтемін деп қауіпті препарат ішіп жүр. Араларында жүрегі ауырып, есінен адасқандар да бар. Мұны естіген мамандар қара нарықта қаптаған тауарды жою керек деп дабыл қағып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, дәрінің түр-түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Жігіттердің көбі мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басқанда бойына ет алып, сымбатына сымбат қосуды армандайды. Денелі жігітке айналудың оңай жолын іздеп, түрлі препараттарды ішеді. Соңында артық қыламын деп тыртық қылғанын аңғармай да қалады.

Дәріхана қызметкері препаратты тұтынбауға кеңес берді. Себебі пайдасынан зияны көп екенін олар да жақсы біледі. Капсуланың сергелдеңге салатынын дәрігерлер айтып шаршаған. Телеарна мәліметінше, мұндай дәрі ішсеңіз қан қысымы көтеріліп, миға қан құйылады. Жүрек ұстамасы мен қалқанша безінде қиындықтар пайда болуы мүмкін. Тіпті өліп кетуі де ғажап емес.

"Зиян екенін бағасына қарап та білуге болады. Мықты дәрі болса, ондай бағада сатылмас еді. Оның денсаулыққа зиян екенін ескермейді. Оңай жолды таңдайды, бірақ түбінде ауруға айналады. Осы дәрілерді ішіп қаншама адам өліп жатыр", - дейді дәрігер Жанель Ілияс.

Диетологтар да салмақ қосудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы дұрыс тамақтану екенін айтады. Қауіпті препараттар салмақ қосуға да, арылуға да көмектеспейтінін ескертті.

"Салмақтан құтылғысы келсе ол препараттардың құрамында суды шығарып тастайды да визуалды түрде салмақ тастағандай болуы мүмкін. Және де "мінеки, 5-2 келі тастадым" деп жатады. Негізі, ол ағзада тастардың жиналуына, сусыздануға және де ағзадағы дисбаланстарға алып келеді", - дейді диетолог Марал Алмағанбетова.

Көбі "сиқырлы" дәріні ішкенін жасырады. Соңынан зардабын тартса да, мойындамайды. Есесіне, не тіркеуі, не құжаты жоқ капсулалардың саудасы күннен-күнге қызып жатыр. Әзірге күмәнді дәрілерге ешбір құзырлы орган қызығушылық танытпаған сыңайлы. Кез келген жерде сатылып жатқанына қарап олай демеске амал жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!