"Тышқан, жылан қаптап жүр". Құрманғазыда апат жағдайындағы үй тұрғындары дабыл қақты

Атыраудағы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылының Ғилаев көшесіндегі №7 үйдің тұрғындары қабырғасы сөгіліп тұрған баспанада тұруға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Салынғанына 53 жыл болған үй кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін. Тұрғындар көктеген қабырғаларға әбден үйреніп кеткен.

"Көктің күлімсі иісі киімдерімізге сіңіп кеткен. Үйге қонақ шақыра алмаймыз. Себебі үй кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Қыста үй қақап кетеді. Үй­дің іргетасы отырып кеткендіктен, сөгіл­ген қабырғалардағы жарықтардан жел келеді", - дейді Нұргүл Фазылқызы.

Үй деп айтуға келмейтін жағдайдағы жаппаның құлап қалуынан қорыққан Нұргүл қазір қаладағы баласын сағалап жүр. Тозығы жеткен үйді мекендеп жүрген Дара Рахметулина жолдасы екеуінің денсаулығы нашарлағанын айтты.

"Күн суытса тұмау-сүзектен көз ашпаймыз. Кең ас үйім болса деп армандап жүрген көрші апамыз, ауыр сырқаттанып ақыры көз жұмды. Жаңа үйге жете алмай кетті. Ауылдық жерде үй жалдау да қиын. Жағдайы жасалған үй­лерді жалдау ақысы 40-50 мың теңге тұрады. Екі-үш айдан соң пәтер иелері "үйі­мізді босат" деп шығады. Сондықтан апат жағдайында болса да осы үйден шыға алмай отырмыз. Үйде тышқан, жыланға дейін жүреді. Күн жылынса үйді улаудан көз ашпаймыз", - дейді Дара Рахметулина.

16 көппәтерлі үйдің қауіпті жағ­дайынан Құрманғазы ауылы әкімдігі хабардар. Ауданнан арнайы комиссия құрылып, бұл үй апат жағдайында деп таны­лған.

"Тұрғындар тұрғын үй кезегіне тір­келді. Бірақ дәл қазір бұл кісілерді көші­ретін мүмкіндік жоқ. 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салу жоспарда. Ғи­ла­ев көшесіндегі №7 үйдің тұрғын­дарына сол пәтерлерден баспана берілуі тиіс", - деп түсінік берді Құрманғазы ауылы әкімдігі өкілі.

Әзірге құлағалы тұрған үйде сегіз отбасы үреймен күн кешіп жатыр.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!