Абай облысындағы орман өрті әлі сөндіріліп жатыр

Абай облысындағы өрттің таралуы толығымен тоқтатылған, қазіргі уақытта 3 учаскеде өртті сөндіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, желдің күшеюіне байланысты тұзды көл ауданындағы үшінші учаскеде өрт төменнен жоғарыға ауысқан. Өртті сөндіру үшін 20 техника, жеке құрамнан 64 адам жұмылдырылған.

"Өрттің таралуының алдын алу мақсатында маңайдағы жерлер жыртылды. Алдын ала болжам бойынша өрттің ауданы - 1 500 гектар. Березовка санаторийі (108 адам, 36 үй), Березовка подхозы (169 адам, 53 үй) елдімекендеріне қауіп төніп тұр.  Өрт орнына дейінгі қашықтық шамамен 5-7 шақырым. Ол жерге 4 бірлік техника бағытталды", - делінген хабарламада.

Орман өртін сөндіруге барлығы 100 бірлік техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам жұмылдырылған.

Сондай-ақ орман өртін "Қазавиақұтқару" АҚ МИ-873 және "Қазавиақұтқару" су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшақтары сөндіріп жатыр. Қазіргі уақытта 59 рет су ағызылды (157,5 тонна).

ТЖМ-де және департаменттің дағдарыс орталығында, сондай-ақ жергілікті жерде жедел штабтар ұйымдастырылды. Жедел желі телефондары жұмыс істеп тұр.

"Қазгидромет" деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін жел соғады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!