"Сағаттап күтеміз". Көкшетауда тұрғындар қоғамдық көліктерге наразылық білдірді

Көкшетауда тұрғындар кейбір бағыттағы автобустар мүлдем жүрмейтін кездер жиі болатынын айтып, наразылық білдірді. Алайда жергілікті билік түйінді мәселені шеше алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Автобус паркі өкілдері жүргізушілер жетіспейтіндіктен, бірнеше автобус жүрмей тұрғанын айтады. Ал тұрғындар көптеген бағыттағы автобус жүрмейтіндіктен, таксимен жүруге мәжбүр.

"Қаладағы автобус қатынасы өте сұмдық жағдайда. Автобустарды аялдамада сағаттап күтетін кезіміз аз болмайды. Мәселен, №21, №25, №2, №4 автобустар мүлдем болмайтын кездер болады. Бағытта тек бір автобус болады. Сағаттап тосқан соң такси жалдауға мәжбүр боламыз. Ал таксимен барып қайтуға 2 мың теңге кетеді. Демалыс күндері автобустар мүлде жүрмей де қалады. Мәселен, Шанхай, кірпіш зауыты шағынаудандарынан халық мүлде қатынассыз қалған. Балаларымыз көпірге жөндеу жұмыстары басталғалы бері үкі-үш аялдамадан асатын вокзалға дейін барып автобусқа мінеді. Тіпті барғысы келмей жылайды. Бала түгілі өзіміз жүруге қиналамыз. Қала әкімдігіне талай мәрте шағымданғанымызбен еш нәтижесі болмай тұр", - дейді Людмила Котухова есімді қала тұрғыны.

Тұрғындар кешкі сағат сегізден кейін автобус мүлде болмайтынын да айтты.

"Кешкі тоғызда ешқайда шығу мүмкін емес. Жақында Көкшетау мәдениет сарайында 83 жасқа келген анаммен концертке бардық. Бірақ концерттен кейін бір сағат бойы үйге жете алмадық. Таксиді бір сағаттан аса уақыт күтуге мәжбүр болдық. Ал концертте жасы келген қария адамдар көп болды. Олардың бәрі таксимен кетуге қалтасы да көтермейді. Неліктен ең болмағанда кешкі онға дейін автобустар жүрмейді? Кешкі сегіз яки тоғызға дейін жұмыс істейтін адамдар бар ғой. Оқушылар да мектептен қайтарда кешігіп жатады. Сонда кешкі сегізден кейін көшеге шықпаймыз ба?" - дейді қала тұрғыны Альфия Ибрагимова.

Тұрғындар қанша жанайқайын жеткізгенімен қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жауабы - біреу ғана. Мемлекеттік мекеме өкілі автобус парктеріне талапты күшейту қажет екенін айтумен шектелген.

"Автобус паркі кәсіпорындарына конкурстық комиссиямен бекітілген технологиялық көлік тәртібін арттыруға нұсқау берілді", - дейді ведомство өкілі.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!