Әлемде элитаға арналған бункер бары рас па?

Әлемде элитаға арналған бункер бары рас па?
Фото: Stopfake.kz

Әлеуметтік желіде ішінде адамдар бар қабырғалары биік сұр түсті үлкен бөлменің видеосы тарады. Ақпаратқа сәйкес, "элиталық бункерлердің" бірінде түсірілген. Шындығында, бұл - жалған мәлімдеме, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Видеода элита бункері емес, Еуропадағы ең үлкен Прахов тұз кеніші көрсетілген. Ол Румынияда Бухаресттен солтүстікке қарай 100 шақырым жердегі Сланич қаласында (немесе Слэник, Сланик) орналасқан.

Шахтада тұз өндірілмегеніне біраз болды. 1970 жылдан бастап ол туристер үшін ашық. Тұз шахтасында тұрақты температурасы 12-13 градус болатын микроклимат қалыптасқан.

Прахов шахтасының өзі тағы екі Унирея (Unirea) және Михай (Mihai) шахталарына бөлінеді. Унирея шахтасы 208 метр тереңдікте, ал оның үстінде, 40 метрлік аралықпен Михай орналасқан.

Әртүрлі дереккөздерде шахтаның түрлі өлшемдері келтірілген. Шахтаның ұзындығы - 5-6 шақырым, ені шамамен 2-3 шақырым. Унирея шахтасының биіктігі - 54 метр, ал Михай шахтасы - 66 метр. 

Тұз шахталары бірнеше бөлмеге және галереяға бөлінген. Әр түрлі бөлмелерде тұз өндіруге және кеншілерді құтқаруға арналған жабдықтары бар көрмелерді, тұз мүсіндерді тамашалауға және румын халқының мыңжылдық тарихымен танысуға болады. Унирея шахтасында волейбол, теннис, шағын футбол ойынауға арналған және балалар алаңдары бар. Сондай-ақ, онда Румыниядағы ең үлкен Supernova планетарий бар.

Тұз шахталарына турист көп барады. Таралған видеода көп адамның жүргені де сондықтан. Демек Желіде тараған видео адамдарды жаңылыстырады. Бұл - "элитаға арналған бункер" емес, кез келген адам кіру ақысын төлеп, тамашалай алатын туристік орын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек