Неке түніндегі жантүршігерлік өлім: күдіктіге сот үкімі шықты

Шымкентте аса ауыр қылмыс ісіне қатысты сот үкімі шықты. Ер адам әйелін неке түнінде өлтірді деген күдікке ілінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырар" сайтына сілтеме жасап. 

Күдікті кінәлі деп танылып, 9 жылға сотталды. Марқұм әйел мектепте жұмыс істеген. Анасының сөзінше, бір жыл бұрын қызы мен күйеубаласы мұсылман ғұрпы бойынша некелерін қидырған. Сол күні ерлі-зайыпты мейрамханада қуанышты сәтті атап өткен. 

Отырыстан кейін ерлі-зайыпты пәтерде ұрсысып қалған. Күдікті әйелін өлгенше сабаған. Оның кінәсі соталды тергеу барысында жиналған деректермен дәлелденді. 

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төрехановтың сөзінше, ерлі-зайыпты түнгі уақытта жанжалдасып қалған. Әйел адам алған дене жарақаттары салдарынан есін жимаған. 

Сот үкімі айтылған кезде күдікті кінәсін мойындамаған. Марқұм әйелдің анасы сотталушыға үкім тым жеңіл екенін айтқан. 

"Күдіктіден басқа сол түні үйде ешкім болмады. Әйел адамды басқа кім ұруы мүмкін еді? Бұл сот-медициналық сараптама арқылы да расталды. Одан бөлек, сот жаңа комиссиялық сараптама тағайындады. Ол жерде сарапшының өзі де жауап берді. Осылайша, күдіктінің кінәсі дәлелденді", - дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов. 

Сотталушының бірінші некесінен төрт баласы бар, марқұм әйелдің артында бір қызы қалды. Олардың ортақ баласы жоқ. Сот үкімі әзірге күшіне енбеді.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!