"Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевті таныстырған - мен" - Мұхтар Жәкішев

Танымал қазақстандық кәсіпкер және Қазатомөнеркәсіптің бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев марқұм Рахат Әлиев туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жәкішевтің сөзінше, Әлиев - оның бала күнгі досы. 

"Қашан танысқанымыз есімде жоқ. Кейбір адамдардың айтуынша, мен 1 ол 1,5 жаста болған. Кейбіреулер керісінше айтады. Шамамен сол жастан таныспыз. Ес білгелі үнемі қасымда болған. Яғни Рахатпен балалық шағымыз, жасөспірім кезіміз байланысты. Институттың 2-3 курсына дейін немесе 4-курста жақсы араласқан шығармыз. Мен 1982 жылға дейін осы жерде (Қазақстанда-еск.) оқыдым. Яслиден бастап 1982 жылға дейін тығыз байланыста болдық. Себебі үнемі көрісіп тұратынбыз. Ол кезде Рахат басқа еді", - дейді Жәкішев ГиперБорей YouTube-арнасына берген сұхбатында.  

Мұхтар Жәкішевтің сөзінше, ол Рахат Әлиевті Дариға Назарбаевмен таныстырған екен. 

"1983 жылы Мәскеудегі институтқа енді ауысқан кезім, сессия тапсырып жатырмын. Мен емтиханға баруым керек болған. Бірінші сессияның бірінші емтиханы еді. Сол кезде Мәскеуге Рахат келген. Сол кезде мәскеулік клиникада оның әкесінің жүрегіне операция жасалған. Рахат емтиханын уақытынан бұрын тапсырып, әкесімен келген. Рахат менің жатақханама келіп "жүр, қыдырып қайтайық" деді. Сол кездері Дариға да емтиханға дайындалып жүргенін естідім. Ол Мәскеуде тарих факультетінде оқитын. Мен ол қайда тұратынын біліп алдым. Бөлмесіне барып оны (Дариға Назарбаеваны - еск.) Рахатпен таныстырдым. Сөйтіп, "буфетке барып, лимонад алып келемін" деп қашып кеттім. Келесі емтиханға дайындалуға кетіп қалдым. Осылайша, үш күннен кейін Рахат Дариғамен жүр. Үшеуіміз концертке бардық, содан кейін мен қайтадан кетіп қалдым", - дейді кәсіпкер. 

Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаева осылайша танысқан. Артынша үйлену тойы болған.      

"Сол жылы, яғни 1983 жылы олар қазан айында үйленді. Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде Қазақстан Компартиясы ОК өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болған. Үйлену тойында күйеужолдас болдым", - дейді Мұхтар Жәкішев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!