"Ауданға сыймай қалдық". БҚО-да мектеп оқушылары әр мекемеде білім алуға мәжбүр

"Ауданға сыймай қалдық". БҚО-да мектеп оқушылары әр мекемеде білім алуға мәжбүр
Фото: Видеодан алынған кадр

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауылында мектеп оқушылары бөлініп, әр жерде білім алып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Мұндағы екі мектептің бірі бес жыл бұрын апатты деп танылса, екіншісі былтыр көктемде жөндеуге жабылған. Құрылыс уақытында бітер емес, ал балалар түрлі мекемені сағалауға мәжбүр.

"Біз бұрын "Жиһазда" оқыған едік. Сосын ауданға бардық. Сосын ауданға сыймай қалдық. Сосын Мәдениет үйіне келдік", - дейді оқушы Санжар Төлегенов.

Казталовтағы Алма Оразбаева атындағы мектеп 2017 жылы апатты деп танылды, 2018-де жабылды. Содан бері балалардың басым бөлігі ауылдағы екінші мектепте білім алса, ол лицейді де былтыр көктемде жөндеуді бастаған. Қарашада бітеді деген құрылыс әлі жүріп жатыр. Ал оқушылар бөлініп, әр жерде оқиды.

"Кітапхана, лицей жанындағы мектеп-интернатта, саз мектебінде, балалар орталығында, жастар ресурстық орталығында, AMANAT партиясында, Мәдениет үйінде, білім бөлімі ғимаратында және экономика және қаржы бөлімінің ғимаратында білім алып жатыр", - дейді Казталов аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев.

Мұғалімдер мекемелер арасында сабақ беруге мәжбүр. 

"Мектепте оқыған күшті. Өйткені клубта әртүрлі билер, концерттердің дауыстары шығып тұрады. Содан сабақ оқуға кедергі болады. Ал мектепте ондай дауыстар шықпайды", - дейді мектеп оқушысы Айнара Ерғали. 

Аудан орталығындағы жаңа мектеп құрылысы 2020 жылы басталды. 2021-де тапсырылуға тиіс еді. Аудан әкімдігі мердігерді кінәласа, мердігер жобаның шикілігін айтады. Себебі сметада ғимаратты ұстап тұратын тірек-бағандар мен арқалықтар мүлде жоқ. 330 шақырым жерге материал тасымалы да салынбаған. Соның салдарынан мердігер 340 миллион теңге шығынға батқан.

"Колоннасыз ғимарат тұрмайды. Біріншіден, көп ақшаның бәрі соған байланысты жұмыстар тоқтатылды. Ең бірінші, мына жерде қиындық бізге түседі ғой. Сосын келісу болады авторлық қадағалау, техникалық қадағалау, бәріміз келісеміз", - дейді учаске бастығы Амангелді Тебілов. 

Жобадағы кемшіліктерге және 2021 жылы материалдар қымбаттауына байланысты былтыр құрылыс тоқтап, тиісті түзетулер енгізілген. Бастапқы 2 миллиард 86 миллионға тағы 700 миллион теңге қосылған. 

"Жобаға түзету жасау үшін мемлекеттік сараптамаға кірген болатынбыз. Сол кезден бастап материалдар қымбаттағасын, кемшіліктер болғасын жоба тоқтатылды. Қазір қайтып жұмыстар жалғасып жатыр. Ақшасы қарастырылып отыр", - деді БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев.

Мамандардың айтуынша, жобадағы шикіліктер құрылыста қол байлайды. Бүгінде жобалауды төмен баға берген кез келгеннің ұтып алатыны, қалай-солай жасалған жобаның мемлекеттік сараптамадан өзгеріссіз өте шығатыны жасырын емес. Ол үшін не жобалаушы, не сарапшы жазаланбайды. Заңдағы кемшіліктің бірі - осы.

"Сарапшылар үлгермеуінен болуы мүмкін немесе жобаның көптігінен болуы мүмкін. Неліктен олай шыққанын айта алмаймыз. Бүгін мектеп құрылысы қайта жанданыпты. Барлық жұмыстың 90 пайызы атқарылған. Құрылысшылар казталовтық шәкірттер жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алады деп сендірді", - деді БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек