Ақтөбе облысында белгісіз біреу ер адамға көмектесіп, артынша көлік иесін тонап кеткен

Ақтөбе облысында белгісіз біреу ер адамға көмектесіп, артынша көлік иесін тонап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" басылымына сілтеме жасап. 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 14 мамырда Алматы қаласының тұрғыны Қандыағаш қаласына Toyota маркалы көлігімен жолға шыққан. Қалаға жақындаған кезде жанармай құю станциясына тоқтаған сәтте қасына белгісіз біреу келіп, көмектесуді ұсынған. 

"Артынша күдікті пышақпен қоқан-лоқы көрсетіп, алматылық тұрғынның смартфоны мен құлаққабын алып қойған. Жедел іздестіру шараларының барысында Қандыағаш қаласының тұрғыны ұсталды. Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды", - делінген полиция хабарламасында. 

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!