"Жүргізуші ұйықтап қалған". Өскеменде көлік тұрғын үйге соқтығысты

"Жүргізуші ұйықтап қалған". Өскеменде көлік тұрғын үйге соқтығысты
Фото: Yk-news.kz

Өскеменде көлік тұрғын үйге соқтығысып, кіреберіс шатырды бұзып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, оқиға Гагарин бульварындағы аулалардың бірінде алдыңғы түнде болған. Үйдің кейбір тұрғындары жантүршігерлік дауысты естіп, көшеге жүгірген.

"Түнде қатты дыбыстан оянып, терезеден қарасам, Subaru Forester көлігі тұр. Көліктен шамамен 28 жастағы қыз бен жігіт түсті, біраз уақыттан кейін тағы бір қыз түсті. Мен жедел жәрдем шақырдым. Оның орнына бірнеше полиция отряды мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келді. Кейінірек эвакуатор келіп, көлікті алып кетті", - дейді үй тұрғындары.

"Үй қозғалғанда жер сілкінісі болды деп ойлап, көшеге жүгірдік", - дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Кристина.

Оқиға салдарынан кіреберіс шатыр құлап, тұрғындар құтқарушылар келгенше сыртқа шыға алмай қалған.

"Оқиға орнына жеткен ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері гидравликалық құралдың көмегімен құлаған кіреберіс шатырды дұрыстады", - деп хабарлады ШҚО ТЖД.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты жүргізушінің рөлде ұйықтап кетуінен орын алған.

"Subaru Forester көлігінің 35 жастағы жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап қалып, тұрғын үймен соқтығысқан", - делінген ШҚО ІІД таратқан хабарламада.

Зардап шеккендер жоқ. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.</p

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова