Италия премьер-министрі Астанаға жұмыс сапарын тоқтатты

Италия премьер-министрі Джорджи Мелонидің Астанаға бұрын жарияланған жұмыс сапары болмайды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Эмилия-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өтіп жатқан G7 саммитіне соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барады.

Келіп түскен мәлімет бойынша Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елді мекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам баспанасынан айырылды.

Осы себепке байланысты Италия Үкіметі басшысының Астанаға алдын жоспарланған жұмыс сапары болмайды", - деп жазды Желдібай.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, Италия тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелонидің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастыруды сұраған.</

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!