БҚО-да құралайлар қырылды

БҚО-да құралайлар қырылды
Фото: "Хабар 24"

Батыс Қазақстан облысында бөкендер баудай түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

19 мамырда кешкі уақытта Жәнібек ауданы Ащыөзек өзенінің бойында, ​ Казталовка-Жәнібек жолының оңтүстік бетінде 243 бас киіктің өлексесі табылды. Оның 236-ы құралай болса, жетеуі аналық екен. Лақтардың мұрнынан қан кеткен, іштері кеппеген. Киіктер уланды ма әлде жұқпалы індетке шалдықты ма – әзірге белгісіз.

Оқиға орнына жедел жеткен ветеринарлық қызмет пен Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары ауадан, судан, топырақтан сынама алған. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зертхана қызметкерлері де оқиға орнына жетіп, жануарлардан патологиялық материал жинапты.

Бүгін түс ауа жергілікті әкімдіктің күшімен киіктердің төшкесі жиналып өртелді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина