Білім сапасын көтерудің нақты бір жолы жоқ - Шыңғыс Мұқан

Білім сапасын көтерудің нақты бір жолы жоқ - Шыңғыс Мұқан
Фото: facebook.com/mukan.shynggys

Білімді ұрпақ тәрбиелеу - қай кездің болмасын өзекті тақырыптарының бірі. Себебі бүгінгі ұрпақ - ел болашағы. Олардан жұмысын сапалы орындайтын, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын және білікті маман тәрбиелеп шығару - жауапты іс. Оқу жылының соңында түлектер өздерінің алған білімін сараптап, дипломдық жұмыс тапсырады. Дипломдық жұмыс түлектің білім деңгейін көрсете ме? Жастардың кітап оқуға қызығушылығы қандай? Осы мәселелер бойынша Massaget.kz тілшісі "Болашақ" бағдарламасының түлегі және "Мазмұндама" қоғамдық қоры баспасының төрағасы Шыңғыс Мұқанмен сұхбаттасты.

Қазіргі таңда диплом білікті маманның көрінісі ме?

"Диплом білікті маманның көрінісі емес. Бүгінгі таңда диплом маман ретінде өзіңді дәлелдейтін қабілет, білік керек. Қазақстанда дипломы бар талай заңгер, экономис, IT маманы басқа да мамандар көп. Бірақ алған мамандығы бойынша жұмыс жасай алмайды. Өкінішке қарай, менің естуім бойынша, Қазақстанда ЖОО бітіргендердің 70%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды екен. Бұл үлкен трагедия. Бізге де диплом бойынша аудармашылар келеді. Бірақ қолдарынан аудармашылық келмейді. Сондықтан әлемдік тәжірибеде кез-келген істің мықты маманы болу үшін "он мың сағаттық теория" деген бар. Күніне сегіз сағат  бір іспен айналыссаңыз,  кемі сол дағдыны 8-10 жыл қалыптастыру керек екен. Сонда сіз дипломға тәуелсіз мықты маман болып шығасыз. Мәселен біз жұмысқа қабылдарда диплом сұрамаймыз, қолынан іс келетіндігіне қараймыз."

2023 жылы сұраныста болатын 7 мамандық

ЖОО-дағы білім сапасын қалай көтеруге болады?

"ЖОО-дағы білім сапасын көтерудің бір барлығына келетін алтын ережесі немесе нақты бір жолы бар деп айта алмаймын. Себебі университеттердегі білім сапасын көтерген мемлекеттер әртүрлі жолды, әртүрлі мүмкіндікті пайдаланған. Бұл сұрақты менен гөрі жоғарғы білім министрлігіндегілер жақсы біледі деп есептеймін. Әркім өзінің беліне көтере алатын шоқпарды байлауы керек."

Бізде диплом сату немесе біреуге жаздырта салу келеңсіз жайтқа айналды. Мұндай жағдайда диплом қорғау жүйесінің мәні бар ма? 

"Диплом сату деген бұрындары көп болғаны рас. Рас дейтін себебім, талай мәрте адамдар істі болып заңсыз әрекеттері дәлелденген болатын. Қазір халықтың көзі ашылды ғой. Адамға диплом емес, нақты білік, дағды керек екенін  түсініп келеді. Дегенмен дипломсыз жұмысқа алмайтын жерлер де бар. Педогогикалық мамандықтарды мысалға алсақ болады."

Диплом қорғайтын түлектерге қандай талап қою керек деп ойлайсыз?

"Диплом қорғайтын түлектерге қойылатын талапты өзгертуде жаңа нәрсе ойлап табу керек деп ойламаймын. Халықаралық тәжірибе бар, әртүрлі бағдарламалар бар. Дипломның мәтіні қаншалықты шынайы екенін тексеріп беретін бағдарламалар қолдану керек."

pixabay.com 

Қазір ғаламторда қазақ тілді ақпарат тым аз. Дипломдық жұмыстар аударма түрінде жазылып жатырған жоқ па?    

"Бұл рас. Әлемде ақпарат көп қой. Қазір ChatGPT-дің өзі диплом жаз десеңіз ағылшын тілінде қатырып жазып береді. Ағылшын тіліндегі интернетте бар ақпаратты оқиды да, адам сияқты өзінің пайымын, түсінігін жасайды. Десекте бұл бағдарлама қазақша жазуға қауқарсыз. Сондықтан қазір қазақша жазатын студенттерге жақсы болды. Орысшадан көшіреді, ағылшыннан аудара салады. Ал бұл мәселені нақты тексеріп жатырған ешкім жоқ."

Бірнеше жылдан бері әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақшаға аудару ісі жақсы жүзеге асып жатыр. Мұндай кітаптарға сұраныс бар ма?

"Кітапқа деген сұраныс керемет деп айта алмаймын. Менің топшылауым бойынша, Қазақстанда тұрақты кітап оқитын 100 мыңға жуық адам бар шығар. Одан да аз болуы мүмкін. Бұл санатқа тек қазақ тілді оқырмандарды емес, орыс тілді кітап құмар жандарды да қоса есептеу керек. Десе де, біздің мақсатымыз - кітап оқу мәденеиетін қалыптастыру және дамыту.  Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз."

instagram.com/shynggys_muqan 

"Болашақ" бағдарламасы арқылы оқыған жастардың қарым-қабілетін толық пайдалана алып отырмыз ба?

"Болашақ" бағдарламасы туралы арнайы зерттеу жұмысы бар. Сол жазылған зерттеу жұмысында болашақ бағдарламасымен білім алған ең пайдалы мамандық дәрігерлер екен. Алайда бұл бағдарламаны маған салса өзгертер едім. Мен оқу орнына студенттерді жібермес едім. Алдымен кәсіпкерлерден қай маман керек екенін сұрап, сол маманды қай жерде дуалдық оқу жүйесімен жақсы дайындайтынын біліп, еліміздегі зауыт-фабрикаларға қажет адамдарды алыс-жақын шетелдердегі ең мықты өндіріс орындарына тәжірибе алмасуға, тегін жұмыс жасауға жіберер едім. Сол кезде бұл бағдарлама пайдалырақ болатын секілді."

Өзіңіздің басшылығыңызбен жүзеге асатын  "Мазмұндама" жобасының соңғы жаңалықтарына тоқталып өтсеңіз. Қандай әлемдік әдебиеттерді тәржімалау жоспарыңызда бар?  

"Біз былтыр 111 кітап шығардық. Биылда бұл көрсеткішті қайталасақ деп отырмыз.  Алдағы 5 жылда айына 500 кітап шығаратындай жағдайға жетуіміз керек. Бірақ, бұл нәтижеге жету үшін көптеген қиындықтар бар. Мәселен қазіргі уақытта 100 кітап шығару үшін тұрақты 23-24 аудармашы жұмыс жасау керек. Екі аудармашыға бір редактордан келгенде 12 редактор керек. Сондықтан 500 кітап шығару үшін ойлап көріңіз қанша аудармашы керек екенін.  Ондай нарықтан маманды таба алмаймыз. Аудармашы дайындайтын университет көп, бірақ, өкінішке қарай, аудармашылар жоқ. Мұндай парадокс жоғарғы оқу орындарының маман дайындаудағы жылдар бойы жіберген салғырттығының кесірі. Дипломы бар адам көп, жұмыс жасайтын маман жоқ."

Қазақстандағы қай саланы жетілдіру керек деп санайсыз?

"Қазақстанда жетілдіретін ең басты іргелі сала - білім саласы. Екіншісі, индустрия және сервис жүйесі оңтайландырылуы керек. Сервис дегенде бұл даяршы болып қызмет көрсету деген сөз емес. Экономикада "Қызмет экономикасы" деген ұғым бар. Сондықтан бұл салалардың еліміз үшін маңызы жоғары. Қазақстан ең болмағанда өзінің киімін тігіп, тамағын тауып беретіндей экономика жасаса, соның өзі үлкен нәтиже.

Алайда оның төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылады. Азиядағы нарықты жаулап алған жаныңда Қытай тұрса, сондай-ақ киім кешекті арзан жасайтын Түркия тұрса, біз олармен қаншалықты тайталасқанымызбен бәсекеге қабілетті бола алмасымыз анық. Сондықтан әр ұлт оң жамбасына келетін іспен айналысуы керек, ал қалған нәрсені басқа мемлекеттерден сатып алу керек деген пікірлер де бар. Алайда мен мұнымен келіспеймін. Себебі Қазақстанмен шектесетін дамыған, дамушы елдерді қарасаңыз да олар өз жыртығын өзі жамап отыр. Ал дамыған Еуропа, Америка елдерінде жағдай, тіптен, бөлек. Мәселен, киім тігу деген секілді қосымша құны аздау өндірістердің бәрін Шығыс Азияға, Латын Америкасына шет аймақтарға аутсорс жасап жіберген. Американың компаниясы киімді Америкада тікпейді. Америкада тіксе, бағасы қымбаттап кетеді. Міне осындай жағдай."

"Болашақ" бағдарламасы бойынша қанша қазақстандық елге қайтпай қалды және оларға қандай жаза қолданылады? Мына жерден оқи аласыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов