"Бірін - 30, екіншісін 39 секундта ұрып құлатқан". Қазақ жігіті туралы Колумбияда жарыса жазып жатыр

"Бірін - 30, екіншісін 39 секундта ұрып құлатқан". Қазақ жігіті туралы Колумбияда жарыса жазып жатыр
Фото: жеке мұрағат

"Қазақтың Қажымұқаны" атанып кеткен ерекше алып күшке ие Алмат Жұманов 24,5 тонналық ұшақты сүйрегенімен, 109 тонналық вагонды тартқанымен танымал. Ол бірнеше рет рекорд орнатқан. 300 килолық заттарды бұйым көрмейтін Алматтың күші көпшілікті тәнті еткен. Былтыр "Ирандық Халкты" 30 секундта ұрып құлатқасын, әлемге де танылып, АҚШ-та жекпе жек өткізуге ұсыныс түскенін жазған  едік.

Қазір Алмат сол кездесуге бару үшін Колумияда іріктеуден өтті. Оның күшіне таңғалған жергілікті басылым, қазақтың спортшысы туралы жарыса жазып жатыр.

Мassaget.kz порталының тілшісі Алмат Жұмановпен тілдесіп, жекпе жек туралы сұрап, білді.

Бірін - 30, екіншісін 39 секундта құлаттым

Қазір Колумбияда, Картахена қаласындамын. Бұл жерге келген себебім Майамидегі жекпе-жекке бару үшін осы жерден іріктеуден өтемін. Екі жекпе-жек өткіздік, бірін 39 секундта, екіншісін 30 секундта нокаутпен жеңдім. Олар да Майамидегі турнирге баратын спортшылар болатын. Біздің кездесуді сол лиганың өкілдері бақылап отырды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Алмат Джуман (@qazaqtitan)

Менің күшіме таңғалып жатыр

Мен туралы промоушн мен лиганың өкілдері сұрады. Рекордтарымды, ұшақ сүйреген видеоларымды көрсеттім. "Сен пойыз сүйрейсің, түйе көтеріп жатырсың, одан бөлек жекпе-жекке шығасың. Ерекше спортшы екенсің" деп таңғалып жатыр. "Біз саған қызығып отырмыз, жұмыс істегіміз келеді, осы жерде қал" деген Колумбиядан да ұсыныстар түсті. Менің ойым басқа жақта. Майамиде жұдырықтасу, сол жақта өнер көрсетіп, жетістікке жету.

Оқи отырыңыз: "Майамиде енді аңызсың". АҚШ-та 3 қара нәсілдімен төбелескен қазақпен сұхбат

Мен туралы жергілікті басылымдар жазып жатыр

Менің рекордтарым мен жетістіктерім жайлы білген Картахена жергілікті басылымы газетінің бір бетін арнады. Мен туралы мақала дайындады. Жергілікті телевидениеден де келіп сұхбат алды. "Қазақстаннан тағы бір керемет спортшы шықты. Бұл да Головкин сияқты ерекше. Алып күштің иесі. Бірнеше рекордтар орнатқан" деп жарыса жазып жатыр.

Төрт келісімшартқа қол қойдым

Енді 20 мамырдан кейін Майамиге барамыз. Тағы да шамамен, бір айдан соң кездесу болады деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін дайындалуым керек. Менің осы кездесуге баруға, Колумбияда дайындалуыма, күнделікті тамағыма кәсіпкер Гүлбану Майгарина ханым демеушілік жасады. Алғашқы жұдырықтасудан кейін Қазақстанға қайтамын. Жылдың соңына дейін Bare Knuckle Fighting Championship лигасында төрт кездесу өткізуге келісімшартқа қол қойғанмын.

Айта кетейік, "Қазақтың Титаны" атанып кеткен Алмат Жұманов үш рекордтың иесі. Алматтың пойызды белмен тартқаны КИнЭС рекордтар кітабына енген. Себебі әлемде ешкім әлі пойызды бел күшін пайдаланып тартпаған, тіпті тартуға талпынып та көрмеген. Алмат өзі арнайы трюктер де ойлап табады. Оның ерекше трюктерінің бірі 300 килолық түйені көтеріп, беліне 3 көлікті тіркеп байлап, 13 метрге сүйреген. Алмат туралы көлемді мақаланы мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.

Т. Раушанұлы