Жүкті әйелін қорлаған қарағандылық жазадан құтылып кетті

Жүкті әйелін қорлаған қарағандылық жазадан құтылып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews басылымына сілтеме жасап. 

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында бірге тұратын жүкті әйелді ұрып-соғып, оны басқа ер адаммен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы бойынша "Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету" бойынша сотқа түскен. Жәбірленушінің адвокаты сотталушының әйелді досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр еткенін дәлелдеуге тырысты.

Жәбірленуші өкілінің барлық дәлеліне қарамастан, сот сотталушының кінәсін дәлелденбеген деп тапқан. Жәбірленушінің адвокатының айтуынша, ол күдіктіні 121-бап "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен.

"Күдікті өз ниетін соңына дейін жеткізбегендіктен, яғни байланыс болмағандықтан, прокуратура құқықбұзушылық құрамы жоқ деп шешті. Содан кейін 107-бапқа "Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру" қайта ауыстыруды сұрадық және қылмыстық іс сотқа осы түрде жіберілді. Сот оны кінәлі деп тапты және оның соттылығы бар екенін ескере отырып, оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол үкімге шағымдануға тырысты, бірақ апелляция оны өзгеріссіз қалдырды", - деді әйелдің адвокаты.

Бұл жолы жәбірленуші тарап сотталған адам мен оның досын 123-бап "Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету" бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздеген.

"Бірақ сот олардың кінәсі дәлелденбеген деп шешті. Сотта жәбірленушінің сотталушыға материалдық және моральдық тұрғыдан тәуелді екенін дәлелдедік. Бірақ сот мұны ескерген жоқ. Соған қарамастан, бұл үкімге шағымданамыз", - деді жәбірленушінің өкілі, адвокат Ибрагим Сәдуақасов.

Әлихан Бөкейхан ауданы сотының баспасөз қызметі өкілі ақтау үкіміне қатысты пікір білдірді. Сот мәліметінше, жәбірленуші тарап қылмыстың объективті жағын аша алмаған, қылмыстық құқықбұзушылық жасау тәсілін, атап айтқанда, бопсалаудың мәнін сипаттамаған.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда ер адам жүкті әйелді ұрып-соғып, оны досымен жыныстық қатынасқа мәжбүр еткені хабарланған еді. Осы жағдайдың видеосы әлеуметтік желілерге тарап, дау тудырды. Кейінірек Октябрь аудандық соты жәбірленушінің денсаулығына қасақана орташа зиян келтіргені үшін оны кінәлі деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Ер адам бұрын сотталған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!