Жалған медициналық құжат бергендер жазалана ма?

Кейде мынадай жағдайға тап болуыңыз мүмкін: сіз дәрігерге қаралмадыңыз немесе қандай да бір медициналық қызметті алмадыңыз, бірақ сізді қаралды деп жазып қойған. Мұндай жағдайда не істеу керек және кімге шағымдануға болады? Бұл сұрақтарға Еуразия бірінші арнасындағы "Қайырлы таң" бағдарламасында Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының қызметкері Шынар Әлжанова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, мұндай жағдайлар шынымен кездеседі.

"Мысалы, сіз емханаға бармадыңыз, бірақ емхана сізді невропотологқа келді деп немесе скринингтен өтті деп жазып қояды. Бізде халық скринингке бармайды. Скрининг деген - 35-40 жастан асқан кезде екі жылда бір рет өтіп тұратын тексеріс түрі. Әрбір адам одан міндетті түрде өтіп отыруы керек. Бірақ адамдар өтпегеннен кейін медициналық ұйымдарда жоспар бар, сол себепті скринингке келді деп жазып қояды. Егер ары қарай ол ақпараттық жүйеден өтіп кетсе, олар ол үшін ақша алады", - дейді Шынар Әлжанова.

Маман мұндай жағдайлар азаюы үшін халықтың ақпараттық сауаттылығы қажет екенін ескертті.

"Соңғы кездері бұлай қосып жазып қою азайып келеді. Көп жағдайда қор тексеріп отырады. Бұл жерде халықтың ақпараттық сауаттылығы қажет. Мысалы, көбі Damumed қосымшасын жүктеп алуды білмейді. Бұл қосымша арқылы адам өзінің атына жазылған нәрселердің бәрін көріп отыра алады: қандай анализ тапсырды, қандай дәрігерге жолдама алды және т.б", - деп түсіндірді ол.

Егер медициналық ұйымның қосып жазғаны дәлелденсе, олар айыппұл төлейді.

"Егер Damumed қосымшасын жүктеп алғаннан кейін сіз алмаған медициналық көмек жайлы хабарлама келіп түссе, онда сіз 1406 нөміріне,  Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына немесе қор сайтына шағым қалдыруға болады. Мысалы, мен дәрігерге қаралған жоқпын, бірақ мені жазып қойған деп оның скриншотын жіберсеңіз, біз тексеріс жүргіземіз. Қордағы мамандар мониторинг жүргізеді. Егер қосып жазып қойғаны дәлелденсе, олар айыппұл төлейді. Бірақ мониторинг тек соңғы бір жылда жасалынған қосып жазуларға жасалынады. Мысалы, сіз биыл тіркеліп, бірақ өткен жылдың қосып жазуын тауып алсаңыз, оны біздің мамандар тексере алмайды. Себебі оның мерзімі өтіп кеткен. Жалпы халық осы мәселені шешуге көмектесе алады", - деп қорытындылады Шынар Әлжанова.

2023 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек?