Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды

Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай дөңгелек үстелінде бірнеше мәселені көтерді.

"Біздің еліміз Қытайдың "Бір белдеу - Бір жол" бастамасын жүзеге асыру ісінде негізгі серіктестің бірі болып отыр. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алады. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады", - деді Президент.

Тоқаев Қытайға қарай "Аягөз - Бақты" теміржолын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.

"Достық - Мойынты" арасындағы теміржолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда теміржол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол - осы. Оның ұзындығы "Солтүстік дәлізден" 2,5 мың шақырымға қысқа.

Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыруға кірісті. Сонымен қатар, ортақ цифрлық платформа жасалады. Осы дәліз арқылы жүк тасымалдаудың басқа да мәселелері шешімін табады", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, екі ел арасында визасыз режимге қол қойылды.

"Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз. Жаңа туристік бағыттар ашып отырамыз. Қазір Қазақстанның 13 қаласына "Ашық аспан" режимі енгізілді. Сондай-ақ, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді", - деді Президент.

Президент екі ел арасындағы инвестициялық жобалар туралы айтты.

"Қазір "Астана" халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден аса компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі - Қытай компаниялары. Бұл - басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш. Жалпы біздің елдегі инвестициялық ахуал өте жақсы. Kazakh Invest ұлттық компаниясы шетелден инвестор шақырып, оларға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Мемлекет басымдық берілген жобаларды барынша қолдауға дайын", - деді Тоқаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова