Қарағандыда ауыл тұрғынының бақшасынан қауіпті зат табылды

Қарағандыда ауыл тұрғынының бақшасынан қауіпті зат табылды
Фото: pixabay.com

Қарағандыдағы Бұқар жырау ауданы тұрғынының бақшасынан ескі артиллериялық снаряд тауып алды. Оны алып тастау және жою үшін ауданға арнайы бөлімшенің саперлері шақырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап. 

28 жастағы тұрғын көршісі бақшасынан күтпеген затты 16 мамырда тауып алғанын айтып, полицияға хабарлаған. Оның сөзінше, көршісі бақшаны картоп егу үшін қазып жатқан сәтінде ескі артиллериялық снарядқа ұқсас темір зат тауып алған. 

Фото: ekaraganda.kz

Оқиға орнына келген саперлер ол снаряд екенін растаған. 

 "56 жастағы тұрғынның сөзінше, ол бақшасын көктемгі жұмыстарға дайындай бастаған. Аймақты қоқыстан тазарту үшін тракторшыны шақырған. Артынша ауыл тұрғыны жерді күрекпен түзей бастаған кезде бір зат тауып алған. Ер адам көршісін шақырып, тауып алған затын металл қабылдағыштарға өткізуді ұсынған. Көршісі табылған затты тазалай бастағанда ол ескі артиллериялық снарядқа ұқсас екенін көрген. Артынша полицейлерді шақырған", - дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Полиция қызметкерлері аймақты бірден қоршауға алып, жақын маңдағы тұрғындарды эвакуациялаған. Саперлер табылған зат 125 миллиметрлік снаряд екенін анықтаған. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра табылған заттың көзі жойылды. 

Полиция ескі снаряд ауыл тұрғынының бақшасында қайдан пайда болғанын анықтап жатыр.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина