Үй алатын бағдарлама, ұялатын бағдарламаға айналды. Қарағандыда тұрғын үй құрылысы тұралап тұр

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасының тоқтауы құрылыс саласына да кері әсерін тигізуде. Тек Қарағандының өзінде 45 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы тұралап, тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Ал,салынып жатқан баспаналардың өзі қарапайым халыққа қолжетімсіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бағдарлама қаншама отбасыға пәтерлі болуға көмектесіп, елді бір қуантқаны бәрінің есінде. Алайда қуаныш ұзаққа бармады. Бағдарламаға шектеулер енгізіліп, адам түсінбейтін жағдайлар орын ала бастады. Алтын құрсақты Зейнегүл Алубаеваның 2-бөлмелі пәтер аламын деген мақсаты, арманға айналып бара жатыр. Жылдар бойы жалдамалы пәтерден- пәтерге көшіп жүрген көп балалы ананың үміті "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасында еді. Былтыр ол 27 миллион 200 мың тұратын жаңадан салынған пәтерге 11 миллион 200 мың теңге салған. Қалған сомманы мемлекеттік бағдарлама арқылы алуға үміттенген. Бағдарлама ережесі бойынша қаржы тоқсанына бір рет ғана бөлінеді. Өкінішке қарай, Зейнегүл қажетті сомманы әлі де ала алмай келеді. Облысқа бөлінген лимит әп-сәтте бітіп қалады

 "Бізге онлайн түрінде тапсырасыңдар деді. Сағат 9:30 банкке бардық. Бағдарлама 10:00-де ашылады деді. Сағат 10 да ашып едік 1 минутта болған жоқ, лимит аяқталды деп шықты" деп ашынды Зейнегүл Алубаева

 7-20-25 мемлекеттік бағдарламасының іске қосылуы тұрғын үй нарығының ілгері басуына оң әсерін тигізген еді. Алайда, қазір қазақстандық құрылысшылардың да үмітінен күдігі басым. Құрылыс тұралап тұр. Үй нарығындағылар да мемлекеттік бағдарлама бойынша ақша ала алмайды. Өйткені, құрылыс материалдары қымбат, өз қаржылары жеткіліксіз. Нәтижесінде, кәсіпкерлер салынып біткен үйлерді сата алмайды. Ал, құрылысты аяқтау үшін алған несиелерін қайтара алмай жатқандар да бар.

 "Жаңа ипотекалық бағдарлама қалай жабылды, соншалықты тұрғын үйге деген сұраныс айтарлықтай төмендеді. Қазір құрлысшылардың көбінде қиындық туындап отыр. Сұраныс жоқ, ал жаңа тұрғын үйлер сатылмай тұр. Өйткені, ақша жоқ" дейді, құрылыс компнаиясының директоры Артем Прозоров

Ұлттық банктің мәліметінше, ел бойынша 7%-дық ипотеканы 675 қазақстандық, наурыз айында 200 қазақстандық алған. Оның басым бөлігін Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары рәсімдепті. Үкіметтегілер де "7-20-25" бағдарламасын жалғастыру керек, деп есептейді. Мемлекеттік бағдарламаның ережесіне сәйкес 20-25 млн теңгеге баспана табу қазір өте қиын. Әсіресе ірі қалаларда. Қарағандылық қоғам белсенділері де мемлекеттік бағдарламаны тиімсіз дейді. Тек Қарағанды облысында бүгінде 36 мыңнан астам адам тұрғын үйге мұқтаж, ал жыл соңына дейін ең көбі 3 000 пәтер тапсырылады. Бірақ ол әр кезде емес. Айтпақшы, қаладағы тұрғын үйлердің басым көпшілігін жаңартудың уақыты келді, өйткені олар да тоза бастады.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!