Тоқаевты 70 жылдық мерейтойымен кімдер құттықтады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне орай құттықтаулар келіп түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты 70 жылдық мерейтойымен Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко және БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян телефон арқылы құттықтады.

Мемлекеттер басшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, достас Қазақстанды өркендету жолындағы аса жауапты мемлекеттік қызметте оның табысқа жете беруіне тілектестік білдірген.

Сонымен бірге Президенттің мерейтойына орай шет мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларынан, парламенттердің спикерлерінен, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың, коммерциялық құрылымдардың жетекшілерінен, шығармашылық және ғылыми орта өкілдерінен құттықтаулар мен жеделхаттар келіп түскен.

Мемлекет басшысының атына Ресей Президенті Владимир Путин, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Сербия Президенті Александр Вучич, Мажарстан Президенті Каталин Новак, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Болгария Президенті Румен Радев, Албания Президенті Байрам Бегай, Сингапур Президенті Халима Якоб, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ТМБ Бас хатшысы Сергей Лебедев және басқалар құттықтау жеделхаттарын жолдады.

"Сонымен қатар еліміздің азаматтары, Қазақстанның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және басқа да тұлғалар өздерінің жеделхаттарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірген. Құттықтау хаттар мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін, 17 мамыр - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Ол 70 жасқа толды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!