Маңғыстаудағы ерекше шар тәрізді тастарды ұрлау дерегі: Ұры жазасыз қалды

Ерекше шар тәрізді тастарды ұрлау дерегі бұған дейін де тіркелген. Бірақ, ұрыларға шара қолданылмай келеді. Бұл жолы да ерекше тастарды ұрлаған адам жазадан құтылып кетті. Өйткені, "Торыш" шатқалы мемлекет қорғауына алынбаған және ерекше қорғалатын қорықтардың аумағына жатпайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірақ осы оқиғадан кейін "Торыш" шатқалын қорғауға алу мәселесі қайтадан қаралып жатыр. Бұған дейін 2017 жылы саяхатшылар жиі баратын көрікті жерді Юнеско құрамына енгізу үшін, өтінім берілген. Алайда, халықаралық ұйым тарапынан қолдау таппапты.

"Торыш шатқалында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Арнайы құжаттары жасақталғаннан кейін барып, мемлекеттік табиғи ескерткіш ретінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына кіргізілетін болады", - дейді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев.

Қазір облыс әкімдігі жоспар жасақтап жатыр. Оған туристік орындардың техникалық-экономикалық негіздемелері енгізілмек. Құжат дайын болған соң экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданады.

"Торыш" шатқалы кезінде "Тэтис" мұхитының табаны болған. Орталық Азияда баламасы жоқ табиғи орын. Мұнда диаметрі 4 метрге дейін жететін шар пішіндес тастар толып жатыр. Айта кетейік, ұры ерекше табиғи шар тастармен үйдің алдын безендірмек болған. Ол көлігіне 5 дана тасты тиеп жатқан кезінде көзге түсті.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!