Маңғыстауда ұрланған ерекше табиғи шарлар кері қайтарылды

Маңғыстауда ұрланған ерекше табиғи шарлар кері қайтарылды

Маңғыстауда Торыш шатқалындағы ерекше табиғи тас шарлар ұрланған еді. Олар 17 мамырда өз орнынан қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстауда ерекше табиғи тас шарлар ұрлағандар видеоға түсіп қалған. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып кетті. Онда арнайы техниканың көмегімен белгісіз адамдар тас шарларды көлікке тиеп жатқаны анық байқалады. Аудан әкімдігі және полиция қызметкерлері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

"Бұл жағдайға қатысты ер адамдардың жеке басы анықталып, түсінік жұмыстары жүргізілген. Техникаға тиеліп алынған шар тастар қайта орнына апарып қойылды", - деді Маңғыстау облысының полиция департаментіндегілер.

Бір қызығы, кінәлі адамды заң бойынша жазалау мүмкін емес. Оның себебін Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдері түсіндірді.

Торыш жеріндегі ерекше "шарлар алқабы" - Маңғыстау өңіріндегі ең жұмбақ жерлердің бірі. Бұл аймақ үлкен тас шарлармен көмкерілген, ғалымдар оларды конкрециялар деп атайды.

Ғалымдар көп жыл бойы олар пияз сияқты қабығынан ыдырай бастайтын, қалыпты пішінді шарлардың пайда болу себебін түсінбей, бұл құбылыстың табиғатын ашуға тырысты. Бұл тастар шамамен 120-180 миллион жыл бұрын мезозойдың геологиялық дәуірінде қалыптасқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек