Алматылықтар қоғамдық көліктердің тазалығына наразы: басқарма пікір білдірді

Алматылықтар қоғамдық көліктердің тазалығына қатысты шағым айтып жатыр. Олар автобустар мен троллейбустардың орындықтары мен терезелердің тазалығына күмәнмен қарайды. Қоғамдық көліктерде тазалық жұмыстары қалай жүргізіледі? Автобус салонындағы орындықтар химиялық тазалаудан өте ме? Қатты кірлеген орындықтарды жаңалау процесі жүргізіле ме? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарға қатысты Алматы қалалық мобильдік басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне сауал жолдады. 

Алматыдағы №25 троллейбустың жағдайы адамшошырлық, тазалық қажет етеді. Қоғамдық көлік салонындағы орындықтардың тозығы жеткен, тазалық мүлде жүргізілмейтіндей көрінеді.

Ал №59 бағыттағы автобус жүргізушісі терезелердегі айғызға қатысты пікір білдіріген еді. Жүргізуші автобус салонының тазалығына мүлде қатысы жоғын айтты. 

"Мен тек рөліме жауап беремін. Ал автобустардағы басқа мәселелерге мойшик (көлік жуатын маман - еск.), механик сияқты басқа мамандар  жауапты. Тіпті мына "Оңайдың" аппаратымен де шаруам жоқ. Қоғамдық көлік №3 паркке қарайды", - деп жауап берді ол.

Алматы қалалық мобильдік басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекеме мәліметінше, тазалық жұмысын уақытылы жүргізбеген парк басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 

  • Троллейбустың салоны 4 күнде 1 рет жуылады;
  • Жарамсыз болып қалған орындықтар тозғанына байланысты ауыстырылады;
  • Троллейбус салонындағы орындықтар 2 айда бір рет химиялық жолмен тазаланады және  бұл процедура ауа райы жағдайына байланысты жүргізіледі.

"Қоғамдық көлік кабинасының тазалығын парктің өндіріс басшысы жауапты. Бұл өндіріс басшысымен троллейбустардың ішкі және сыртқы жағдайын санитариялық нормаларға сай болуын қадағалау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді", - делінген жауапта. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!