"Былтырғыдан төрт есе көп қаржы". Қонаевта масаны қыруға 45 миллион бөлінген

"Былтырғыдан төрт есе көп қаржы". Қонаевта масаны қыруға 45 миллион бөлінген

Қонаев қаласында масаны қыруға 45 миллион бөлінген, ал тұрғындар наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, қансорғыштар мазасын алған Қонаев қаласының тұрғындары әкімдіктің әрекетсіз отырғанына наразы. Себебі шаһарда жыл сайын масамен күреске қыруар қаржы жұмсалса да нәтиже жоқ. 

Тіпті қалада одан бетер маса қаптап, ауру-сырқау көбейген. Ал шенеуніктер мәселенің шешімі биыл табылатынына сенімді. Себебі масаны улауға былтырғыдан төрт есе көп - 45 миллион теңге бөлініпті.

Үсті-басындағы бөртпелерді көрсеткен Маржан Әтееваның қаптаған масадан әбден ығыры шыққан. Тұқымымен аллергиясы болған соң, қансорғыш зиянкестердің зардабын бірнеше жыл қатарынан төрт баласымен бірге тартып жүр.

"Маса өте көп. Соңғы үш жылда ұлғайып жатыр. Кішкентай еді, қазір үлкен десем болады. Тереземізді аша алмаймыз, ашсаң, түнімен шағып шығады. Баланың ұйқысы да, мазасы да кетеді. Түнімен қышиды. Спиртпен сүртеміз. Басқа не істейсің?!" - дейді Қонаев қаласының тұрғыны Маржан Әтеева. 

Тұрғындардың сөзінше, әсіресе күн батқанда қиын. Ымырт уақыттан бастап далада жүру мүмкін емес. Сол үшін көбі баласын күндіз де, кешке де далаға шығармайтын болған. 

"Күн жылығаннан бастап қиын. Өйткені далаға балалар шыға алмайды. Алты балам бар. Үйде қамап отырамын. Күндіз жіберейік десек, күн ыстық, Түнде жіберейік десек, маса бар. Енді не істейтінімізді білмейміз", - Қонаев қаласының тұрғыны Гүлназ Оспанова.

Тұрғындар әкімдіктегілердің де не істеп жүргенін білмейді. Олардың айтуынша, масамен күреске жыл сайын қаражат бөлінсе де, еш нәтиже жоқ. Керісінше, көбейіп кеткен. Мысалы, былтыр масамен күреске 10 миллион, биыл 45 миллион теңге бөлініпті. Сөйтіп, шенеуніктер мәселе биыл шешілетініне сенімді.

"Мәселе шешіледі. Бізде қазір үш мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Жалпы 9 техника, оның ішінде тракторлар, шашатын техникалар бар. 15-ке жуық түрлі құрылғылар бар. 30-ға жуық мамандар жұмыс істеуде. Көпқабатты 278 үйдің де жертөлесінде улау жұмысы жүргізілді", - дейді Қонаев қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбеков. 

Әкімдіктегілер былтырғыдан төрт есе көп қаражат бөлінуін осылай түсіндіріп отыр. Яғни қарашаның мазасын қашырған қансорғыштармен күреске биыл тыңғылықты кіріскен. Негізінен, масаның көп болуы Қонаев қаласының Қапшағай су қоймасының жағалуында орналасуымен тікелей байланысты. Сондықтан аталмыш мәселе жылда күн жылыса көтеріледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина