Ninety one тобының мүшелері ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшілері болды

Ninety one тобының мүшелері ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшілері болды
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Ninety one тобының мүшелері Батырхан Мәлік, Азамат Ашмақын, Дулат Мұхаметқалиев, Данияр Кұлымшан Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері болып ресми тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан баспасөз клубына сілтеме жасап.

Ninety one тобының балалардың құқығын қорғау және ілгерілетумен айналысатын әлемдегі басқа атақты адамдардың қатарына қосылды.

"Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі болу біз үшін үлкен мәртебе. ЮНИСЕФ тек біздің елде емес, бүкіл әлемде үлкен жұмыс атқарып жатыр және біз мұндай жұмысқа қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Музыка адамдарды біріктіреді және біздің музыкамыздың көмегімен біз адамдардың жүрегі мен санасына жетіп, Қазақстандағы балалардың алдында тұрған аса маңызды мәселелер туралы хабардар ете аламыз деп үміттенеміз", - деді Ninety one тобының мүшесі Ace.

Ал Alem топ әндері арқылы балаларды игі істерге шабыттандыруға тырысатынын айтты.

"Өз жанкүйерлеріміздің арқасында біз жасөспірімдер мен жастардың нені қалайтынын түсінеміз. Әндеріміздің көмегімен біз оларды игі істерге шабыттандыруға тырысамыз. Біз олардың жаңа нәрселерден қорықпағанын және өздеріне сенгенін қалаймыз. Енді біз ЮНИСЕФ-пен күш-жігерімізді біріктіреміз, осылайша әр баланың өз арманын жүзеге асыруға мүмкіндігі болады", - деді Alem.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшілері ретінде Ninety one балалар онлайн және офлайн режимінде кездестіретін түрлі мәселе туралы қоғамның хабардар болуына көмектеседі. Бұл ретте интернеттегі психикалық денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады. 

Айта кетейік, бұған дейін көрнекті музыкант және композитор, марқұм Батырхан Шүкенов ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы ізгі ниет елшісі болды. Әлемдегі ең үздік он шахматшының бірі Динара Сәдуақасова бес жыл бойы Қазақстандағы ЮНИСЕФ бастамаларын белсенді қолдап келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан