Бір-біріне пышақ, темір алып жүгірді. Құрық ауылында жасөспірімдер арасында күнде төбелес

Аядай ауылда 8-9 сынып оқушылары жанжалдасып, соңы төбелеске ұласты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құрық ауылының тұрғыны Сәбина Ізбасарованың айтуынша, ауылда 1 аптадан бері у-шу. Мектепте күнде жиналыс. Себебі, жасөспірімдер екіге бөлініп, төбелесуін тоқтатпай отыр. Күні кеше дүкен ішінде жаға жыртысқан. Соның соңы бүгін көшеге жиналып, төбелескен. Бір-біріне қолдарына түскенді лақтырып, денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп төндіріп жатыр.

"Шағынаудандарда тұратындар мен Автобаза жақ дейміз яғни, жер үйде тұратындар болып екіге бөлініп, төбелесіп жатыр. Жеңіл жарақат алып, полицияға арыз жазылды. Бірақ, осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданылмады. Балалар көшеге шыға алмайды. Жаман болып кетті. Бір бала өлмей, бір бала мүгедек болмай төбелестері тоқтайтын емес", - дейді ауыл тұрғыны Сәбина Ізбасарова.

Тұрғынның айтуынша, болған жәйттарға қатысты полиция еш әрекет жасамаған. Сондықтан ата-аналар жиналып, әкімдіктен көмек сұрамақшы.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, төбелеске қатысы бар 18 жасөспірім анықталған. 

"Полиция қызметкерлері 16-17 жас аралығындағы 18 кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Сондай-ақ ұрыстың қалған қатысушылары полицияға жеткізіледі. Бұл факт бойынша ешкім дене жарақатын алған жоқ. ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі бойынша Қарақия аудандық полиция бөліміне тіркелді. Тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - дейді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!