Орамалдың бағытымен іздеп тапқан: Жетісу облысында әйел үш күн бойы хабарсыз кеткен

Жетісу облысында хабар-ошарсыз кеткен зейнеткер ескі әскери полигон маңынан табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Панфилов ауданында жоғалып кеткен 72 жастағы Орынбүбі Мұханова табылды. 13 мамырда үйінен шығып кеткен зейнеткерді іздеу шаралары үш күннен аса уақытқа созылды. Әлсіреген Орынбүбі Мұханова өзі туған Лесновка ауылынан 15-20 шақырым жерде ескі әскери полигон маңынан табылды. 

Полицейлер зейнеткерді іздеу жұмыстарына туыстарынан бөлек еріктілерді, шекарашыларды және жергілікті халықты, барлығы 100-ге жуық адам жұмылдырды. Іздестіру тобының бірі қалың тоғай арасынан әженің орамалын тауып, іздеу бағытын анықтады. 

  

Жалғыз өзі жүрген зейнеткерді жергілікті шопандар байқап, оның ізіне түсіп келе жатқан іздеушілерге хабарлаған. Тамақ пен сусыз ол қатты әлсіреп қалған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін туыстары оны үйіне алып кеткен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!