Шымкенттік 81 жастағы қария тұрғындарды таңғалдырып жүр

Шымкенттік 81 жастағы қария тұрғындарды таңғалдырып жүр
Фото: "Отырар"

Шымкенттік 81 жастағы қария Тәліпбек Әлжанов тұрғындарды таңғалдырып жүр. Ол таңертең жүгіріп, жасына қарамастан ауыр жаттығуларды оңай істеп жүр. Ол пауэрлифтингтен Азия Кубогының күміс жүлдегері. Былтыр әлемдік жарыстарда қола жүлде иеленген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырар" сайтына сілтеме жасап. 

Қарияның сөзінше, оның басты мақсаты - жастар мен өзімен қатарлас адамдар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу. Тәліпбек Әлжанов спорт ең тиімді және қолжетімді дәрі екенін айтады. 

"Бала кезімде бруцеллез-ревматизммен ауыратынмын. Өздігімнен отырып, жүре алмайтынмын. Дәрігерлер маған дәрі жазып бергенімен оны ішпедім. Жылы шалбар киіп, жазда да, қыста да жүгірдім. Жарты жылдан кейін тексеріліп едім таңғажайып дүние болғандай! Дәрігерлер де қатты таңғалды, осылайша ревматизмнен айығып кеттім. Сол кезден бері спортты тастаған емеспін", - дейді ақсақал.  

Тәліпбек Әлжанов спорттың бірнеше түрімен айналысып көрген. 50 жасына армреслинг және пауэрлифтингпен айналысқан. Қазір 81 жасында жастарға "төтеп бере алады". Бүгінде қария аптасына үш рет жаттығу залына барып жүр.

Қария ақыл-ой мен денені жаттықтыру тамаша нәтиже беретініне сенімді. Ол күн сайын таңертең жүгіріп келеді. Ақсақалдың сөзінше, осылайша тез қартаюдың алдын алып, деннің саулығын сақтауға болады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина