Бір жылда минус 0,15 см: ғалымдар темекі шегуден қай ағзаның үнемі азаятынын анықтады

Темекінің денсаулыққа зияны және ағзаны өзгертетіні сөзсіз.  Денсаулық сақтау министрлігі темекі шегудің денсаулыққа зиянын, өмірді қысқартатынын әлдеқашаннан ескертіп келеді. Өкінішке қарай, темекі шегушілер темекінің зияны туралы көп білсе де, оны тастауға аса құлық танытпайды.

Дегенмен, Пенсильвания университетінің ғалымдары темекі шегудің тағы бір салдарын анықтады. Шылым шегу мидың көлемін азайтып, деменцияның даму қаупін арттыратыны белгілі болды. 

Зерттеу аясында ғалымдар 28 мыңнан астам адамды қамтыды. Жұмыс авторлары Ұлыбритания тұрғындарының генетикалық және медициналық деректерінің британдық репозиторийінен алынған МРТ суреттерін талдады. Нәтижесінде темекі шегетіндердің миының көлемі темекі шекпейтіндерге қарағанда орта есеппен азырақ болатыны анықталды. Жылына бір қорап темекі шеккенде мидың шамамен 0,15 текше сантиметрге азаюын көрсеткен.

Бірақ темекіні тастағасын ми көлемі қалпына келген.

The Lancet басылымында жарияланған басқа зерттеудің авторлары тіпті темекі шегудің салдарынан пайда болу қаупі артқан аурулардың тізімін жасады. Ол үшін ғалымдар Қытайдағы Kadoorie Biobank-тен келген 500 000-нан астам қытайлық ересектердің денсаулық деректеріне талдау жасады. Нәтижесінде темекіге байланысты аурулардың арасында қатерлі ісік, қант диабеті, инфаркт, пневмония, асқазан жарасы, катаракта және т.б бар.

Айта кетейік, әлемдік мұхиттағы қоқыстардың басым бөлігі темекі қалдығынан тұратыны белгілі болған еді. Соның салдарынан табиғат пен мұхиттағы жануарлар мен құстар зардап шегіп жатыр.

Темекі қалдықтары ондаған жылдар бойы шірімей жата береді. Қалдықтар мұхитқа ағып барғаннан соң оны теңіз жануарлары мен құстар тамақ екен деп ойлап қалады. Теңіз экологиясын зерттеушілердің пікірінше, осының салдарынан көптеген жан-жануарлар уланады. Зерттеу нәтижелерінің 70 пайызы құстардың, 30 пайызы теңіз тасбақаларының темекі тұқылынан зардап шегетінін көрсеткен. 

Темекі шегу денсаулыққа ғана емес, қоршаған ортамызға да зиян.