Оралдағы кәсіпкердің жантүршігерлік өліміне қатысты істе күтпеген дерек шықты

Оралдағы кәсіпкерді өлтірген деген күдікке ілініп, сотталғандардың бірі Тұрлан Амангелді сот үкіміне шағым түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап. 

Оралдық кәсіпкерді аяусыз өлтіргендер - 32 жастағы Руслан Қожантаев пен 22 жастағы Тұрлан Амангелдіге қатысты 13 сәуірде сот үкімі шыққан болатын. Сот шешімі бойынша, Руслан Қожантаев ҚК 99-бабы, 2-бөлігі 5-7 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Тұрлан Амангелді ҚК 99-бабы, 2-бөлігі 5-7 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 

Алайда Тұрлан Амангелді мен оның адвокаты сот үкімімен келіспеген. Олар үкімге шағымдануға шешім қабылдаған. Енді кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтіру ісі қайта қаралатын болады. Бірақ іс апелляциялық сотта қаралады. Бірінші тыңдау 31 мамырға жоспарланған.

Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Еркін Мұханғалиевтің мәйіті П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды.

Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.

Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.

Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған. Кейін бұл іс бойынша күдіктілер ұсталғаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!