Шілдеден бастап күйеуінен зәбір көрген әйел шағымданбаса да, іс қозғалады

Шілдеден бастап күйеуінен зәбір көрген әйел шағымданбаса да, іс қозғалады
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін жәбірленушінің арыз-шағымынсыз да тіркей береді. Заңға енген бұл өзгеріс туралы Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"1 шілдеден бастап тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауысады. Бұл өзгеріс жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегімен іс қозғалады. Хаттама толтыруға куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының жазбалары жеткілікті. Соңғы шешімді сот қабылдайды", - деді Ақмарал Серікбаева.

Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап жанжалдасып қалған ерлі-зайыптыларды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады. Өйткені бүгінде мұндай істердің жартысы татуласумен аяқталып, сотқа жетпей қалып жатады.

"Мысалы, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 5 мың дерегі осы негізбен тоқтатылды. Енді 1 шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласуға мүмкіндік беріледі. Бұл психологиялық қысымнан туындайтын зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқтатады деген үміттеміз", - деді полиция өкілі.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы