"Бойлары 42 сантиметр". ШҚО-да жыл басынан бері үшінші үшем өмірге келді

"Бойлары 42 сантиметр". ШҚО-да жыл басынан бері үшінші үшем өмірге келді
Фото: Автордан

Шығыс Қазақстан облысындағы Ахмадиевтер отбасының сәби сүйе алмай жүргеніне тоғыз жыл болған. Жуықта олар бір емес, үшемнің ата-анасы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жанұя "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында квота арқылы кішкентайлы болды. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл - жыл басынан бергі үшінші үшем.

Бөбектердің анасы Жансая Ахмадиеваның айтуынша, күйеуімен тоғыз жыл бойы нәрестелі болуды армандаған. Бірақ квота аларда қиындыққа ұшыраспапты.

"Барлығы жылдам өтті. Мәселен, өтінім бойынша квотаны үш айдай күттік. Ал жасанды ұрықтандыру Өскемендегі емханалардың бірінде жасалды. Отбасымыздың атынан көмегін аямаған дәрігерлер мен мамандарға алғыс айтамын", - деді үшемнің анасы.

Осылайша, өмірге екі ұл, бір қыз келді. Ералының салмағы - 1970 грамм, Ерасылдың салмағы - 2 келі, ал Зере - 2035 грамм.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі мәліметінше, үшеуінің де бойы - 42 сантиметр. Балалардың анасы Ералы мен Ерасыл қазірдің өзінде мазасызданып, "мінез" көрсетіп жатқанын айтса, Зеренің момын екенін жеткізді.

Айта кетейік, сәуірдің соңында "Ана мен бала" орталығында тағы бір үшем дүниеге келген болатын. Шемонаиха қаласының 28 жастағы тұрғыны Марина Строкань Дарья, Виктория және Софья есімді қыздардың анасы болды.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова