Қазақша ән айтатын кореялық азамат енді домбыра тартуды үйреніп жүр

Қазақша ән айтатын кореялық азамат енді домбыра тартуды үйреніп жүр
Фото: Instagram/songwonsub87

YouTube-те қазақша ән салатын кореялық азамат домбыра тартуды үйреніп жүр. Бұл туралы ол Орталық Азия елдерінің көктем фестивалінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сеулде Орталық Азия елдерінің көктем фестивалі өтті. Мерекеде көрермендер қазақтың ұлттық тағамдары мен ойындары, кітап және музыкасымен танысты. Келгеннің барлығы дерлік қазақ тілінде жазулары бар жейделерді тегін алды. Бұл - ана тілін насихаттауда таптырмас үлгі. 

Ашық аспан астындағы шараға қатысушылар Номад қазақ қауымдастығы дайындаған бауырсақ пен басқа да тағамдардан дәм татты. Кореялықтар табиғи өнімдерді жақсы көреді, сондықтан қазақстандық өндірушілердің балы танымал болды. Балаларға тоғызқұмалақ, асық ату ойындарымен қазақша кітаптар көрсетілді.

Былтырдан бері жергілікті тұрғындар қазақ әндерін тани бастады. Бұл - корейлық әнші Сон Вон Собтың еңбегі. Ол бірнеше заманауи қазақ шығармаларын корей тіліне аударып орындады. Қазақстанға екі рет жасаған сапардан кейін оның репертуарында халық әні пайда болды.

"Маған домбыра сыйға тартылды. Қазір мен ол аспаппен ойнауды үйреніп жүрмін. Қазақстанға барған соң домбырамен қазақтың халық әнін жазып алуды жөн көрдім. Келесі аптада ол менің репертуарымда пайда болады", -  деді әнші Сон Вон Соб. 

Биыл - Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени жыл. Сондықтан әр апта сайын Кореяның қалаларында қазақ музыкасы шырқалады. Келесі демалыс күндері Пусанда қазақ мәдениеті фестивалі өтеді. Оған елімізден бірнеше ансамбльмен әртістер қатысады. 

"Мақсатымыз - кореялықтарды мәдениет арқылы Орталық Азия елдері туралы аз да болса көбірек білуі. Ал қазір бұл үшін барлық жағдай бар. Пандемиядан кейін барлық салада қарым-қатынастар жақсарды. Әсіресе туризм саласында. Егер бұрын Кореядан Қазақстан мен Өзбекстанға ғана ұшатын болса, маусымда Сеул мен Бішкек арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Біз де Сеул-Астана бағытының қайта жанданатынына үміттенеміз", - деді "Корея-Орталық Азия" ынтымақтастық форумы хатшылық басшысының орынбасары Джи Чан Сон.

Қыздар жағы қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарына қызығушылық танытты. Ал заманауи ұлттық киімдерді дизайнер Айдана Омарова ұсынды. Оның осы салада жүргеніне 10 жыл болған. Дизайнердің мақтадан, зығырдан және жібектен жасалған киімі АҚШ пен Еуропада танымал. Бұл Айдананың Кореядағы алғашқы көрсетілімі.

"Коллекцияларымыз қазақы нақышта, күнделікті киіп жүруге арналған. Біз қазір тақиялар қосып жатырмыз. Ал киімді көбіне күнделікті өмірге арнайылап шығарып жатырмыз. Себебі олар өте ыңғайлы, әдемі кез келген ақ киімін болсын, бір түсті киімнің үстінен кие салса киім өте әдемі болып көрінеді", - деді дизайнер Айдана Омарова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек